Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал продюсер еңбек өтілін дәлелдей алмағандықтан зейнетке шыға алмай жүр

Ерік Тастембеков продюсерФото: Ерік Тастембековтің желідегі парақшасынан

Белгілі музыкалық продюсер Ерік Тастембеков зейнет жасына жеткенде күтпеген қиындыққа тап болды. Ол Кеңес Одағы кезінде және 90-жылдары адал еңбек еткенін дәлелдей алмай, бүгінде мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Stan.kz тілшісімен сөйлескен ол еңбек кітапшасының жоғалуы мен архив деректерінің табылмауы салдарынан зейнетақыны рәсімдеу барысында бірнеше мекеменің арасында сабылып жүргенін айтып берді.

Зейнет жасына жеткен продюсер Ерік Тастембеков зейнетақыны рәсімдеу барысында күтпеген қиындыққа тап болғанын айтады.

"Зейнеткерлік жасқа толуыма байланысты Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Бұрын, еңбек кітапшамды жоғалтып алған едім. Ал жұмыс істеген мекеменің архивінен құжаттар табылмады. Соның салдарынан еңбек өтілімді растай алмай отырмын. Өте өкінішті. Сөйтіп, "қағазсыз сен ешкім емессің" деген жағдайға тірелдік", – деді Ерік Тастембеков.

Ол зейнет жасына толған күні бір SMS-хабарламадан кейін бірнеше мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болды.

Ерік Тастембековтың айтуынша, ол зейнетке шығуға бір жыл бұрын дайындалып, еңбек өтілін растау үшін барлық қажетті құжаттарды алдын ала жинаған.

"Құжаттарды реттеуге көмектесетін бір компаниямен келісімшарт жасастым. Олар еңбек өтілімді растау үшін қажетті анықтамаларды сұратумен айналысты. Менде институтты бітіргенім туралы диплом бар. Одан кейін Мәскеудегі балық шаруашылығы флотына жұмысқа орналастым. Сол жерден әскер қатарына шақырылдым. Әскерден қалған әскери билетім де сақталған. Әскерден оралған соң қайтадан Мәскеудегі балық шаруашылығы флотында еңбек еттім: тауар танушы, кейін дүкен меңгерушісі қызметтерін атқардым. 1989 жылы университетке жұмысқа орналастым. Ол жерден де жұмыс істегенімді растайтын анықтама бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін кәсіпкерлік қарқын алып, мен "Крамс" корпорациясына жұмысқа тұрдым. Ол жерде де ресми түрде еңбек еттім", – деп түсіндірді Ерік Тастембеков.

Ерік Тастембековтің айтуынша, еңбек өтілін растау барысында архивтерден оның жұмыс істеген кезеңдеріне қатысты құжаттар табылмай, азамат өзінің нақты еңбек еткенін дәлелдеуге мәжбүр болып отыр.

"Мәскеудегі балық шаруашылығы флотына қатысты дерек табылмады. “Крамс” корпорациясы бойынша да мәлімет шықпады. 1992 жылы ашқан шағын кәсіпорнымның тіркелуін дәлелдеу үшін әділет органдарының архивіне жүгіндім, бірақ ол жақтан да бас тарту алдым. Осылайша, жұмыс істегенімді дәлелдей алмай қалдым. Ал 1991 жылы “еңбекпен айналыспау” туралы бап болғаны белгілі. Ол кезде балаларым бар еді, мен жұмыс істедім. Енді соны дәлелдеуге мәжбүрмін, бірақ маған сенбейді", – дейді продюсер.

Ерік Тастамбековке, зейнетақы органдары "дүйсенбіге дейін әкелмесеңіздер, еңбек өтілі есепке алынбайды" деп ескерткен. 

“Соған қарамастан, өз еңбек жолымды дәлелдеуге бел будым. Бірге жұмыс істеген адамдарды тауып, қол қойдырдым. Олар менің Мәскеудегі ұйымдарда да, кейінгі жұмыс орындарында да еңбек еткенімді растады. Зейнетақыны рәсімдеу үшін, аз ғана төлем жасау жолында азаматтарды әуре-сарсаңға салуға болмайды. Барлық растайтын құжаттарды жинап, тапсырдым. Алайда "құжатта мөр бар, ұнамаса шағымдан" деген жауап алдым. Таңғы 11:00-ден кешкі 16:00-ге дейін ХҚКО мен түрлі мекемелердің арасында сабылып, қандай құжат керек екенін анықтаумен болдым", – дейді Ерік Тастамбеков.

Оның айтуынша, азаматтарды бір мекемеден екіншісіне жіберіп, дөрекі сөйлейтін жағдайлар жиі кездеседі. Құжатты қысқа мерзімде тапсыра алмағандардың еңбек өтілі есепке алынбай, сөйтіп ең төменгі зейнетақы ғана тағайындалады.

"Осы жағдайды ақша үшін емес, әділдік үшін көтеріп отырмын. Қаншама жыл еңбек еттім, бала өсірдім, отбасымды асырадым. 1983 жылы үйлендім, 1987 жылы әскерге барып келдім, бәрі заңды, бәрі ресми. Мұнда сандалып жүрген азамат емес, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ете алмаған мемлекет жауапты болуы керек. Адамдарды жылдар өткен соң жұмыс істегенін дәлелдеуге мәжбүрлеу әділетсіз", – дейді продюсер.

Ерік Тастембеков зейнетке шығу кезінде қақтығыстарға тап болған. Мемлекеттік органдар еңбек өтілін растау үшін қосымша құжаттарды небәрі 4 күн ішінде тапсыруды талап еткен.

"Жұмысқа қабылдау және жұмыстан шығару туралы анықтамамен бірге сол бұйрықтардың көшірмесі де қажет екенін кейін білдім. Байланыс нөмірім бола тұра, қандай құжат керек екенін және нақты қай мекемеге бару керектігін неге бірден хабарламайды деген сұрақ туындайды. Қосымша құжаттарды Алматының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті талап етті. Атауы "халықты қорғау" болғанымен, іс жүзінде азаматтарды бір мекемеден екіншісіне сабылтып жүргені қынжылтады. Ең сорақысы, құжат тапсыруға бар-жоғы төрт күн ғана уақыт берілген. Үлгермесең, еңбек өтілі есепке алынбайды деп ескертілді", – дейді Ерік Тастембеков.

Ерік Тастембеков бұл мәселені соңына дейін заңды жолмен шешуге ниетті екенін айтты. Ол қажет болған жағдайда сотқа жүгініп, өз еңбек өтілін ресми түрде дәлелдеуге дайын.

"Енді осы жағдайдың бәрін сот арқылы шешуге мәжбүрмін. Мен ерекше ештеңе сұрап отырған жоқпын. Бар болғаны барлық қазақстандық азаматтар сияқты адал еңбегімнің еленіп, заңға сәйкес зейнетақы тағайындалуын қалаймын. Егер мен сияқты қаншама адамның құжаты архивте жоғалып кетсе, онда бұл азаматтың емес, мемлекеттің жауапкершілігі болуы керек. Мен өз құқығымды ғана емес, осындай жағдайға тап болған өзге де адамдардың құқығын қорғау үшін күресемін. Сонша жыл еңбектендім, отбасын құрдым, балалар өсірдім, әскерде болдым. Кеңес адамы ретінде адал өмір сүрдім. Ал енді мемлекет маған сенбей отыр", – дейді ол.
Зейнетке шығар алдында қандай құжаттарды реттеу қажет?

Осы ретте зейнетке шығу кезінде еңбек өтілін растауға қатысты туындаған мәселелерге байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі редакцияның сауалына ресми түсініктеме берді. Ведомство өкілі Анар Бижанованың айтуынша, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру 2023 жылғы 20 сәуірде қабылданған Әлеуметтік кодекске сәйкес жүзеге асырылады.

Министрліктің мәліметінше, жасына байланысты зейнетақыны есептеу кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ескеріледі және ол ең алдымен еңбек кітапшасы арқылы расталады.

"Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады. Ал еңбек кітапшасы болмаған немесе ондағы жазбалар толық емес, түзетілген не оқылуы қиын болған жағдайда, архив мекемелерінен немесе бұрынғы жұмыс орнынан алынған анықтамалар ұсынылуға тиіс", – делінген министрліктің жауабында.

Сондай-ақ ведомство өкілдері архивтік анықтамалардың мемлекеттік немесе ведомстволық архив қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылуы қажет екенін нақтылады. Министрлік базалық зейнетақының мөлшері де зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты екенін атап өтті.

"Базалық зейнетақы 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен 1998 жылдан кейінгі міндетті зейнетақы жарналары төленген нақты кезеңдерге қарай есептеледі. Ал міндетті зейнетақы жарналары орталықтандырылған дерекқордағы мәліметтер арқылы расталады. Міндетті зейнетақы жарналары уақытында аударылса, еңбек өтілі автоматты түрде расталады. Ал жарналар толық түспеген жағдайда, еңбек кезеңін жұмыс берушінің анықтамасы, архив құжаты немесе сот шешімімен дәлелдеу қажет. Жинақтаушы зейнетақы міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналардан құралады. Оның негізгі бөлігі жалақыдан ай сайын ұсталып отыратын 10% міндетті зейнетақы жарналары. Зейнетақы мөлшері жинақ көлемі мен олардың тұрақты аударылуына және табыстылығына байланысты", – деді Анар Бижанова.
Айым Атамбаева
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 15:25