Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қабырғасы құлап, батырлардың мүсіндері сынған”: Тараздағы тарихи нысан қирап жатыр

Еліміздегі бірегей ашық аспан астындағы музей қирап жатыр. Бүгінде Тараздағы "Төрткүл" керуен сарайы 90 пайызға тозып кеткен. Кезінде 67 миллионға салынған тарихи нысан неге адам көргісіз күйде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скрин

"Төрткүл" керуен сарайының қазіргі күйі мүшкіл. Өйткені қабырғасы құлап, электр сымдары үзіліп жатыр. Керуен сарайдың ішіндегі батырлардың мүсіні де сынып, киімдер жерге тапталған. Темір-терсектерді тот басып кеткен. Ал тарихи орын туралы ақпарат алуға арналған QR кодтары адам көргісіз күйге түскен. Оған қоса музей іші тұрмыстық қалдыққа толып қалған.

“Бұрын өте көп оқушылар, туристер келетін. Бірнеше жылдан бері жабық тұр. Ешкім қарап жатқан жоқ", “Музей салынғаннан-ақ іргесі дұрыс қаланбаған еді. Адам өтетін жолдың жанында қабырға қирап жатыр. Адамдардың үстіне бір нәрсе құлап кетсе кім жауапты?” – дейді қала тұрғындары.

"Төрткүл" керуен сарайы бұрын облыстық мәдениет басқармасының қарамағында болған. Ол кезде екі рет жөндеу жұмыстары жасалыпты. Музей 2022 жылы толық жөндеуден өтуі қажет болған. Алайда бюджеттен бөлінген 110 миллион теңге белгісіз себептермен кері қайтарылған. 

“2022 жылы қалпына келтірілген. Ал одан бүгінгі күнге дейін керуен сарайға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген жоқ”, – дейді тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев.

Музейдің қазір 90 пайызы тозған. Суағар жүйесі тозғандықтан, музейді жаңбыр жауған сайын су басады дейді жергілікті билік өкілдері. Былтыр қалалық әкімдік музейді өз балансына алыпты.

“Ішіне кіріп қарасаңыз, тозығы жеткен. Өйткені аққан жаңбыр суы ішіне көлшік болып жиналып қалады. Сондықтан біз бұл ғимаратқа толығымен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қайта құрсақ деп отырмыз”, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.

Қала билігі ғимаратты 2 айдан кейін жөндеуге алмақ. Ол үшін қала бюджетінен 400 миллионға жуық қаражат бөлінеді.

Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысында 6 ғасыр бойы тұрған тарихи ескерткіш қирап қалғанын жазғанбыз.

Талқылау