Күйзелістен арылуға көмектесетін 6 қадам
Депрессия – күннен-күнге әлемдегі көптеген адамды өзінің тереңіне тартып, тығырыққа тіреп қойған қауіпті дерт. Ұлтына, біліміне, әлеуметтік жағдайына, тіпті сеніміне қарамастан, бұл дертке кез келген адам шалдығуы мүмкін.
Депрессияға ұшыраған көптеген адамдар жұрт «жүйке ауруына шалдыққан» деп ойламасын деген ниетпен өздерінің бұл жағдайынан ұялып, жасырып жатады, деп жазады islam.kz.
Ислам – тек дін емес, бұл – өмір сүру салты. Адам Исламды үйрену арқылы бұл діннен кез келген мәселенің шешімін таба алады. Сол сияқты дінімізде депрессияға арналған антидепрессант та кездеседі. Олардың алты түрін төменде өздеріңізге ұсынамыз:
1. «Нәс» сүресін оқыңыз.
Әдетте депрессия адам бойына түрлі күмәндар ұялап, өзіне деген сенімділік азайған кезде, Шайтан құлағыңа сыбырлап, жамандық атаулының бәрін сенің ауылыңа жақындатқан кезде болады. Осы кезде шайтанның азғыруынан сақтайтын «Нәс» (Құрандағы соңғы сүре) сүресін оқып, дұға ету керек. Және өзіңе сенімің жоғалып, көңіліңізге көп күмән ұялай бастаса да, осы сүрені оқи қойыңыз. Бұл сізді депрессиядан қорғайды, тіпті депрессияға ұшырап қойған болсаңыз, көңіліңізді көтерері анық.
2. Уайым–қайғыдан сақтайтын дұғаны оқыңыз.
“Ей, Алла! Шын мәнінде мен Сенің құлыңмын. Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын. Менің тағдырым Сенің қолыңда, әрі Сенің үкімің маған міндет. Сенің маған жасаған үкімің әділ, Саған тән болған барлық есімдеріңмен Өзіңді атаған немесе кітабыңда түсірген немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен Өзіңе жалбарынамын. Маған Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры әрі мазасыздығым мен уайымымды әкетуші ете гөр!“
Және:
«Ей, Алла! Расында мен уайым-қайғыдан, әлсіздіктен, жалқаулықтан, сараңдықтан, қорқақтықтын, қарызға батудан әрі адамдардың басымшылығынан Өзіңе сыйынамын».
3. Қайырымдылықпен айналысыңыз.
Басқаларға бақыт сыйлау, мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету, біреулердің қуанышын бөлісу адамның көңіл–күйін көтеріп, шаттыққа кенелтетіні дәлелденген. Формула қарапайым: сіз біреуді бақытты етесіз, ол сізге қуаныш сыйлайды. Қайырымдылық шараларымен айналысуға үлкен қаржыңыз да болмауы мүмкін, алайда қайырым дегеннің өзі кішкентай нәрселерден басталмай ма?! Ол қажетсіз, бірақ пайдалануға жарамды заттарыңызды таратып беру, балалар үйіне бару, мұқтаж жандарға түскі ас ұйымдастыру, тіпті бір аш адамды тойындыру болуы да мүмкін.
Сіздің себебіңізден бір адамның қуанышқа бөленгенін көрсеңіз, сіздің де көңіл–күйіңіздің жақсы жаққа қарай өзгерері анық.
4. Табиғатта серуендеңіз.
Депрессияның тағы бір белгісі адамның бүкіл өміріне басшылық етіп, күш–жігерінің бәрін тартып алады. Байқасаңыздар, депрессияға түскен адамдардың көпшілігі ешкіммен кездескісі келмей, өз–өзінен жабылып, тыныштықта, үйде қамалып отыра бергенді қалап жатады. Мұндай адамдар қиын да болса, үйден шығып, серуендеп, айналасындағы табиғаттың әдемі көріністерін тамашалағаны жөн.
Алланың құдіретін түсініп, мына әлемді жаратқандағы шеберлігін ұғып, тіпті құстардың қарапайым әніне назар аудару арқылы біздер депрессиядан шығуға қадам жасаймыз.
5. Өзіңізге хобби табыңыз.
Депрессияға түскен адамның уақыты көбірек болса, айналысатын ештеңесі болмаса, онда ол уайым–қайғыға тіпті салына түседі. Ал жаңа хобби депрессияның алдын алады. Ауыр қайғы–қасіреттен сақтайды.
Әсіресе кітап оқу, Құран үйрену, діни блог жүргізу секілді хоббилар нәтижелі. Фильм көру немесе жеңіл–желпі істермен айналысу секілді хоббиларды пайдалы іске жатқызбаймыз.
6. Өз өміріңіздің жеңілдігін ойлаңыз.
Жоғарыда аталған кеңестердің бірі де көмектеспесе, онда осы пункт сіздің пайдаңызға жарары анық. Өзіңіз уайымдап жүрген мәселені ойға алып, өзіңізге: «Мұның бәрін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басынан өткерген ауыр жағдайлармен салыстыруға бола ма? Мен ол көрген қайғы–қасіреттің 1 пайызын болса да көрдім бе?» деген сұрақ қойыңыз. Ол (с.а.у.) кішкентайында жетім қалды, өзі арқа сүйеген ағасы мен әйелінен айырылды. Балалары бірінен кейін бірі өмірден өтті. Туыстары соңынан қалмай қудалап, ақыры туған жерінен қуып тынды.
Сіздің басыңыздан бұдан да ауыр жағдайлар өтті ме?
Әрине, біз депрессиядан шығудың оңай еместігін білеміз. Алайда «шығам» деген шынайы сеніміңіз әрі шешіміңіз болса, осы қадамдардың барлығы сізге көмектесері хақ. \
Тағы да оқыңыз:
Ғалымдар күйзелісті ұйқысыздықпен емдеуге болатынын айтты
Елімізде туыстары рұқсат бермесе де, марқұмның ағзалары донорлыққа пайдаланылады