"Jibek joly" туристік пойызы 115 жолаушысымен жолға шықты
Ұлттық тасымалдаушы Алматы вокзалынан "Jibek joly" туристік пойызын жолға шығарып салды. Пойыз "Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы" бағыты бойынша жүреді. Турдың ұзақтығы 5 күн, яғни 2024 жылдың 16 қарашасынан 20 қарашасына дейін. Алғашқы сапарға барлығы 115 жолаушы шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚТЖ
Аталған жобаны туризмді дамыту стратегиясы аясында Көлік министрлігі мен Туризм және спорт министрлігі, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы Алматы және Түркістан қаласы әкімдіктерімен бірлесіп жүзеге асырды. Оны жүзеге асыруға "Өзбек темір жолдары" компаниясының серіктестері де атсалысқан.
"Туристер бір күн Түркістанда, екі күн Ташкентте болады. Олар осы күндер ішінде қалалардың басты көрікті және киелі жерлерін аралайды. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің қатысуымен жүргізіледі. Маршрут бойынша саяхат туристік автобустармен қамтамасыз етіледі. Пойыз құрамында бұрын басқа бағыттарда пайдаланылмаған Қазақстанда жасалған жаңа 5 вагон бар. Туристік пойыздың экипажында пойыз бастығы, сегіз жолсерік және электрик болады", – деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директорының орынбасары Мұхит Тұрсынбаев.
Фото: ҚТЖ
Пойыздың сыртында мемлекеттік ту бейнеленген. Ал ішкі жағында ұлттық ою-өрнектермен безендірілген алтын реңктегі төсек-орын жабындары қолданылып, ерекше атмосфера жасайды. Вагон-мейрамхана дәстүрлі стильде безендіріліп, ұлттық және еуропалық тағамдардан тұратын ас мәзірін ұсынады.
Туристік пойызға билеттер туристік агенттіктер арқылы қолжетімді болды.
Фото: ҚТЖ