Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израилде мыңдаған табысты, бай адамдар мансабын тастап, мұғалімдікке бет бұрып жатыр

Израилде табысы миллиондап саналатын бай-бақуатты жандар қарапайым мектепте мұғалім болуды құп көреді. Үміткерлердің көптігі соншалық, ұстаз болу мәртебесіне 5 адамның біреуі ғана ие болады екен.

Teacher with school children (14-19) working in computer lab

Фото: mignews.com

Бұл туралы 1tv.ru хабарлайды.

56 жастағы Ави өз өмірін жаңадан бастауды дұрыс деп тапқан. Ол жақында ғана ірі компьютерлік компаниядағы атқарушы директор деген қызметін математика пәнінің мұғалімі деген міндетке айырбастады. Енді оның күн тәртібі де ауысады: күнделікті таңертеңгілігік жиналыстардың орыны – орта мектептегі сабақпен ауысты.

“Мен өзім мақтан тұтатын нәрсемен айналысқым келді. Израиль қоғамының табысы мен байлығы тікелей мұғалім мамандығын игерген жандарға байланысты”, – дейді Ави Натан.

30 жыл бойы осы салада тер төккеніне куә Авидің әріптестері, оның компаниядан кететінін естіген кезде таңқалғандарын жасырмаған, әйтсе де білікті маманды мұндай шешімі үшін қолдаған. Оның жары да күйеуінің шешіміне құрметпен қарапты. Әрине, бұрынғыға қарағанда табыс азаяды, бірақ бақытты ақшамен өлшеуге болмайды дейді Веред.

sv

Ави және Веред Натан

“Мұғалім мамандығы барлығынан да маңызды деп ойлаймын. Адамдар өз ұстаздарын өмір бойы ұмытпайды. Ұстазының әрбір сөзі оның санасында жаңғырып, тәрбие алады. Күйеуім мұндай шешім қабылдағанда мен тек қуандым”, – дейді Веред Натан.

Бір қызығы, Ави секілді жетекші қызметтерін тастап, ұстаз болуға ұмтылғандар саны бұл елде көптеп саналады. Тек соңғы екі жылда 4 мыңдай адам мансабын тастап, мұғалім болып кеткен.

“Тек біздің мектептің өзі бес мұғалімді қабылдады. Олар басқа саладан келген азаматтар. Олар жаңа буынды тәрбиелегісі келетіндерін айтады. Әрине, біз оларды қуанышпен қарсы аламыз. Бұл табысты адамдар әлемге деген көзқарасымен де, тәжірибесімен де, педагогикалық әдістерімен де бөлісе алады. Енді бізде кадр тапшылығы жоқ десе де болады”, – дейді мектеп директоры Дорит Сирабела.

Осындай ерекше шешім қабылдағандардың бірі, бұрынғы ұшқыш және Израилдегі әскери-әуе күштері базасының командирі болған Амир Херпаз.

“Менің әкем – ұшқыш, ал анам – мұғалім. 28 жыл бойы ұшақ тізгіндесем де, үнемі оқытушы болғым келетін. Енді міне оның да уақыты келді. Мен әскери салада да тек үздік нәтижеге ұмтылып, өзімді жақсы қырымнан таныттым. Енді сол тәжірибемді мектепте де қолданамын”, – дейді Амир Херпаз.

Рас, алғашқыда Амир мектеп өміріне бірден үйренісіп кете алмаған. Бұл әрине, командир алдында қаздай тізілген сарбаздар емес. Әр оқушының жан-дүниесіне терең бойлап, олармен тіл табысу қажет.

“Басқа саладан келгендердің көпшілігі құндылықтар жүйесіндегі өзгерістер туралы жиі айтады. Көбісі қоғамның дамуына өз үлестерін қосу үшін, тіпті жоғары жалақыдан да бас тартады”, – дейді мектеп менеджері Итай Леви.

Израиль мектептерінде мұғалім болғысы келетіндер үшін арнайы бағдарлама бар. Оқу бір жылға созылады. Бұл курста дәрістер тыңдап мектепте мұғалім болудың қыр-сырын меңгереді. Ұстаз боламын деушілерге қойылатын талап қатаң. Олар әр ай сайын тест тапсырып, өздерін жақсы қырларынан көрсете алулары керек. Әрі мұғалім болып орналасқаннан кейін де, бұрынғы саласындағы атақ-даңқына қарамастан, жас мұғалімнің жалақасымен бірдей ақы алады.


Жіберіп алмаңыз:

Мерт болды деп саналған студентті Ким Чен Ынға тіл үйрету үшін Солтүстік Корея ұрлап кеткен

Қырғызстан президентінің 19 жастағы қызы тұрмысқа шықты

Ислам Каримовті жерлеу рәсімі қалай өтті (видео)

 

Талқылау