Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль Иранның әлемдегі ең ірі газ кен орнына соққы жасады: Мұнай бағасы күрт өсті

Израиль Иранның әлемдегі ең ірі газ кен орнына соққы жасады: Мұнай бағасы күрт өстіФото: Associated Press

АҚШ-пен бірге Иранға қарсы соғысқа қатысып жатқан Израиль Парсы шығанағы жағалауындағы Иранның газ өнеркәсібі нысандарына соққы жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Иранның Tasnim және Mehr ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, 18 наурыз, сәрсенбі күні өнеркәсіптік Асалуйе қаласы маңындағы мұнай-химия кәсіпорындары шабуылға ұшыраған.

Axios порталының үкіметтегі дереккөздерге сілтеме жасап, соққылардың АҚШ-пен келісіліп, жасалғанын мәлімдеді.

“Газ өндіру саласындағы бірнеше өнеркәсіп нысандары зақымданған. Билік тұрғындарға шабуыл жасалған нысандарға жақындамауды ескертті”, – деп мәлімдеді Tasnim агенттігі Бушер провинциясы вице-губернаторына сілтеме жасап.

Иран мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, әуе соққылары салдарынан Парсы шығанағындағы ірі газ кен орнындағы өндіру қондырғысы зақымданып, өрт шыққан. Өрт болған жерге өрт сөндірушілер жіберілген.

Әлемдегі ең ірі газ кен орны

Асалуйе қаласының маңында Иран Катармен бірге пайдаланатын әлемдегі ең ірі газ кен орны – Оңтүстік Парс газ кен орны орналасқан. Бұл аймақ Иранның энергетикасы үшін аса маңызды және елдің ішкі газбен қамтамасыз етілуінің шамамен 70%-ын қамтамасыз етеді.

Иранда өндірілетін табиғи газдың басым бөлігі дерлік ішкі тұтынуға бағытталады.

Ирандағы газ өнеркәсібіне жасалған соққыдан кейін мұнай бағасы күрт өсті

Иранның мемлекеттік БАҚ-тары елдегі ең ірі Оңтүстік Парсы газ кен орны мен Асалуйе қаласындағы мұнай нысанына Израиль соққы жасағанын сәрсенбі күні түстен кейін Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 110 долларға дейін көтерілді. Сондай-ақ АҚШ-тың WTI мұнайы да қымбаттап, оның бағасы барреліне 98 долларға дейін өсті.

Мұнай бағасы кейбір жақсы жаңалықтарға қарамастан өсіп жатыр. Сәрсенбі күні Сауд Арабиясы 13 наурызда Рас-Танура мұнай өңдеу зауыты елдегі ең ірі мұнай өңдеу зауытының жұмысын қайта бастағанын растады.

Сонымен қатар Дональд Трамп әкімшілігі ресми түрде Джонс заңы талаптарын 60 күнге тоқтатты. Бұл заң АҚШ порттары арасындағы жүк тасымалын тек АҚШ-та жасалған, америкалық компанияларға тиесілі, АҚШ туымен жүретін және америкалық экипажы бар кемелермен ғана жүзеге асыруды шектейді.

Иран көрші елдерге қоқан-лоқы жасады

Иран өзінің газ өнеркәсібіне жасалған соққылардан кейін қарсыласына бұдан бірнеше есе күшті соққы беретінін және шабуыл жасалған елдердің “жанармай, энергетика және газ инфрақұрылымына” соққы жасайтынын мәлімдеді.

Иран мемлекеттік телеарнасы “заңды нысандар” тізімін жариялады. Тізімде Сауд Арабиясы, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктері елдеріндегі мұнай-газ нысандары бар. Оларға “алдағы сағаттарда” шабуыл жасалуы мүмкін екені айтылды.

Ислам революциясы сақшылары корпусы қолбасшылығының мәлімдеуінше, шектеулі қақтығыстар кезеңі аяқталып, соғыс “жан-жақты экономикалық соғыс” деңгейіне өткен. Мұндай мәлімдеме жасалуына Иранның азаматтық әрі стратегиялық маңызды инфрақұрылымына жасалған соққы себеп болды.

Израиль бұған дейін де Иранның мұнай қоймаларына соққы жасаған еді. 

 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 19 Наурыз, 2026 08:30