Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль ХАМАС-пен тұтқындарды айырбастау үшін бітім туралы келіссөздер жүргізіп жатыр

Израиль радикалды палестиналық ХАМАС тобымен Газа секторында ұзақ мерзімді атысты тоқтату туралы келісім жасауды ұсынды. Келісім шамамен 40-50 күнге созылып, соның барысында ХАМАС ұстап отырған тұтқындардың жартысы босатылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.


Фото: Reuters

Израиль армиясы Газадағы азаматтарды эвакуациялау туралы жаңа бұйрықтар беріп, оңтүстік өңірде "қарқынды операциялар" жүргізетінін мәлімдеді.

Reuters дереккөздеріне сенсек, Израиль ұсынған бітім аясында 24 тірі тұтқынның жартысы және 35 марқұм болған адамдардың бір бөлігі қайтарылуы мүмкін.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-қа қысымды күшейтуді жалғастыратынын, бірақ тұтқындарды босату жөнінде келіссөздер жүргізетінін айтты. Сонымен қатар Биньямин Нетаньяху ХАМАС көшбасшыларына Газадан кетуге рұқсат берілуі мүмкін екенін және АҚШ президенті Дональд Трамптың палестиналықтардың "ерікті эмиграциясы" жөніндегі ұсынысын қарастырып жатқанын мәлімдеді. Алайда ХАМАС бұл ұсынысты қабылдамай, қарусыздану талабын "қызыл сызық" деп атады. ХАМАС демалыс күндері Катар мен Мысыр делдалдарының ұсыныстарын қабылдағанын мәлімдеді. Бұл келісім бойынша әр апта сайын бес тұтқын босатылады, ал атысты тоқтату жалғасады.

Дүйсенбіде Израиль әскері Газа секторындағы Рафах қаласы маңында тұратын палестиналықтарға Аль-Маваси аймағына көшу туралы бұйрық берді. Израиль 18 наурызда екі айлық бітімнен кейін әскери операцияларды қайта бастады. Осы уақытта 33 израильдік және 5 тайландтық тұтқын босатылды. Ал Израиль түрмелерінен 2 мыңға жуық палестиналық шығарылды. Алайда қаңтарда АҚШ қолдауымен қол қойылған атысты тоқтату туралы келісімнің екінші кезеңін жүзеге асыру мүмкін болмады.

Израиль ХАМАС-тың әскери және әкімшілік құрылымдарын толық жоюды талап етеді және оны болашақта Газаны басқарудан шеттетпек. Ал ХАМАС Газаның жаңа әкімшілігіне орын беруге дайын екенін, бірақ қарусызданудан бас тартатынын және жаңа үкіметті қалыптастыруға қатысу құқығын талап ететінін мәлімдеді.

Израиль Газа секторына әскери операцияны 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС жасаған шабуылдан кейін бастады. Ол кезде Израильдің оңтүстігіндегі елді мекендерге шабуыл жасалып, 1200 адам қаза тауып, 251 адам тұтқынға алынған.

Газа секторындағы ХАМАС-қа тиесілі Денсаулық сақтау министрлігі қақтығыс салдарынан 50 000-нан астам палестиналықтың қаза тапқанын хабарлады. Бұл деректер тәуелсіз көздермен расталмаған. Сонымен қатар министрлік қаза тапқандардың қаншасы ХАМАС жауынгерлері екенін нақтыламады.



Еске салайық, бұған дейін Израиль Ливанның оңтүстігіндегі Хезболланың ондаған ұшыру қондырғысы мен басқару орталығына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ливандағы БАҚ шабуыл салдарынан бір адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл қарашадағы атысты тоқтату келісімінен кейін болған алғашқы жойқын соққы еді. ЦАХАЛ бүгін таңертең Метула аймағында үш зымыранға тосқауыл қойды. Кейін белгілі болғандай, жалпы саны алты зымыран ұшырылған. Оның үшеуі Ливан аймағына құлады. 

Талқылау