Израиль атысты тоқтатуға келіспесе, Ұлыбритания да Палестина мемлекетін мойындамақ
Фото: oxu.az
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер министрлер кабинеті отырысында Израиль тарабы "Газадағы қорқынышты жағдайды" тоқтатпаса, елі қыркүйектің басында Палестина мемлекетін мойындайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кир Стармер "Израиль үкіметі Газадағы қорқынышты жағдайды тоқтату үшін маңызды қадамдар жасамаса, атысты тоқтатпаса, Батыс жағалау аннексияланбайтынын ұқтырмаса және екі мемлекет негізінде шешімді қамтамасыз ететін ұзақмерзімді бейбіт үдеріс бойынша міндеттеме алмаса", осындай қадамға баратынын нақтылады.
Ол Таяу Шығыста екі мемлекет тұжырымдамасының қайта жандануын қолдайды. Алайда ХАМАС-ты жақтамайды. Лондон тарабы ұйымды кепілге алынған адамдарды дереу Израильге қайтарып, қаруды тастауға шақырды.
Халықаралық қауымдастық Газа секторындағы гуманитарлық жағдайға байланысты Израильге қысымды күшейтуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауы бойынша, онда балалар дұрыс тамақтанбай, жаппай ашаршылық қаупі артып барады.
Израиль тарабы ашаршылықты палестиналықтарға қысым көрсету механизмі ретінде пайдаланатынын жоққа шығарады. Олар гуманитарлық көмектің басым бөлігін анклавтан ХАМАС алып қойды деп мәлімдеп отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясында француздар Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді. Палестинаның ресми тұлғалары Макронның бұл шешімін құптап отыр, ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қадам ХАМАС-тың 2023 жылғы 7 қазандағы шабуылынан соң "лаңкестікті марапаттау" болатынын мәлімдеді.