Израиль Голан жоталарындағы буферлік аймаққа басып кірді: Қорғаныс министрлігі қазақстандық әскерге қатысты түсініктеме берді
Қазақстандық бітімгерлер қызмет ететін БҰҰ-ның Голан жоталарындағы (СОННР) жауапкершілік аймағындағы жағдай шиеленісті, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: anna-news.info
"Миссияның жеке құрамы мандатқа сәйкес өз функцияларын орындап жатыр. БҰҰ күштерінің ажырасуды бақылау жөніндегі уәкілетті тұлғалары сириялық және израильдік тараптардың өкілдерімен тұрақты байланыста. Бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралар қабылданып жатыр. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жағдайдың дамуын бақылауда ұстап отыр. Голан жоталарындағы қазақстандық әскери қызметкерлермен тұрақты байланыс орнаған", – деді қорғаныс министрлігі.
Қажет болған жағдайда миссияны эвакуациялауды БҰҰ басшылығы миссия қолбасшылығының ұсынысы бойынша қарайтын болады.
Айта кетейік, Израиль әскері 8 желтоқсанға қараған түні және таңертең Сирия президенті Башар Асад режимінің Дамаскіде құлағаны туралы хабарлардың аясында Израиль мен Сирия позициялары арасындағы Голан биіктіктеріндегі буферлік аймаққа кіріп, "маңызды стратегиялық орындарды" өз бақылауына алды. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдеді. Нетаньяху Израиль бақылауындағы Голан биіктіктері мен бұған дейін Дамасктің бақылауында болған Сирия аумағының шекарасында тұрған жерінен видеоүндеу жасап, жағдайды баяндады.
Нетаньяхудың айтуынша, Башар Асад режимінің құлауы Израиль үшін "жаңа мүмкіндіктер ашумен қатар, қауіптер де туғызады". Оның сөзінше, 1974 жылғы келісім бойынша буферлік аймақ мәртебесіне ие болған аумақ "бұл мәртебесінен айырылды, өйткені сириялық әскерлер өз позицияларын тастап кеткен". Сол себепті Израиль шекарасын қорғау үшін бұл аймаққа өз әскерлерін енгізген. Израильдік әскерлер Сирия аумағындағы Хермон тау бөктерін бақылауға алған.
"Біз шекарамызға қарсы күштердің орнығуына жол бермейміз", – деп атап өтті Нетаньяху.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац жексенбі күні Голан жоталарындағы буферлік аймақта израильдік әскерлердің орналастырылғанын растады.
Еске салайық, бұған дейін "Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді. Дамасктегі көтерілісшілер мемлекеттік телеарна эфирінде жеңіске жеткендерін жариялады. Сириялық содырлар мемлекеттік телеарна мен Дамаск радиосы арқылы эфирге шығып, президент Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқанын хабарлады.
8 желтоқтанда Асадтың президент қызметінен кеткені және Сириядан шыққаны туралы алғашқы ресми мәлімдемені Ресей Сыртқы істер министрлігі жариялады. Алайда сол кезде Ресейдің сыртқы істер министрлігі Асадтың қай жерде екені туралы ешқандай мәлімет бермеген. Кейінірек ресейлік БАҚ Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасап, Ресей Асадқа және оның жақындарына "гуманитарлық мақсаттарды ескере отырып" баспана бергенін хабарлады.