Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Іздеуде жүрген блогер Ағлан Ақпан Алматы тауларында Нұрәлі Әлиевпен кездесуде көзге түсті

Іздеуде жүрген Ағлан Ақпан Алматы тауларында көзге түстіФото: instagram.com/aglanakpan

Шамамен 1,5 жылдан бері іздеуде жүрген блогер Ағлан Ақпан Нұрәлі Әлиевпен бірге Алматы тауларындағы серуен кезінде көзге түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Күні кеше Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиев Алматы тауларында қазақстандық кәсіпкерлерге арналған бизнес таңғы ас өткізген еді. Кейінірек желіде кездесуден фото-видеолар тарай бастады.

Желі қолданушылары кадрлардан “Qoslike” жобасының экс-қатысушысын байқап, желіде жазба жариялады. Жазба авторының сөзінше, блогер іздеуде жүргеніне қарамастан, жайбарақат демалып жүр.

“Енді сұрақ, неге адамдарды қомақты қаржыға алдаған блогерді Нұрәлі Әлиев арқылы тауып, оны ұстамайды”, – деп жазған ол.

Іздеуде жүрген Ағлан Ақпан Алматы тауларында көзге түсті

Блогер байланысқа шықты

Желідегі жазбалардан кейін Ағлан Ақпан әлеуметтік желідегі парақшасында бірқатар жазба жариялады.

Блогердің айтуынша, қаржылық міндетемелерінің бір бөлігі өтелген, қалғанын әлі де қайтарып жатыр. Ол өз жауапкершілігінен бас тартпайтынын, керісінше, қарыздарды мүмкіндігінше тезірек өтеу және жылдар бойы қалыптастырған абыройлы атымды қалпына келтіруді мақсат еткенін жазды.

“Алайда сот үкімімен менің компаниямның жұмысы уақытша тоқтатылғандықтан, мен толыққанды жұмыс істей алмай жатырмын. Нәтижесінде ақшаны тезірек жинап, қарыздарымнан құтылу да созылып жатыр”, – деді ол. 

Ол желіде тарап жатқан оның “іздеуде екені және үстінен қылмыстық іс қозғалғаны” жайлы ақпарат шындыққа жанаспайтынын алға тартты.

“Жеке атап өткім келетіні: бұл ешқандай жағдайда менің “іздеуде жүргенімді” немесе маған қатысты “қылмыстық іс” қозғалғанын білдірмейді, кейбір жарияланымдарда мұны дәл солай көрсетуге тырысып жатыр. Менің және туристік агенттігімнің атына шындыққа жанаспайтын айыптаулар айтылып жатыр. Таралып жатқан ақпаратта фактілер бұрмаланған және жала жабу белгілері бар!” – деп жазды ол.

Оның сөзінше, клиентке виза берілу-берілмеуіне ешбір туристік агенттік кепілдік бере алмайды. Бұған қоса, ол бастапқыда бұл жобаны бірнеше серіктестерімен бірге бастағанын, алайда қиындық туған сәтте олар жауапкершілікті өз мойнына алудан бас тартқанын айтты.

“Әңгіме клиенттердің визадан бас тартуына байланысты туындаған жұмыс жағдайы туралы болып отыр. Виза беру туралы шешімді тек консулдықтар қабылдайды, ешбір агенттік оң нәтиже болатынына кепілдік бере алмайды. Жобаны жүзеге асыруға бастапқыда сенімге негізделген әріптестер де қатысқан. Өкінішке қарай, олармен жазбаша келісімдер дер кезінде рәсімделмеген. Қиындықтар туындап, визадан бас тарту жағдайлары болғаннан кейін, бұл тұлғалар мәселені реттеуге қатысудан және қаржылық жауапкершілікті өз мойнына алудан бас тартты”, – дейді ол.

Ағлан Ақпан соған қарамастан, өз міндеттемелерінен бас тартпай, туындаған қаржылық мәселелерді, соның ішінде төлемдерді, өз бетінше шешіп жатқанын түсіндірді.

Іздеуде жүрген Ағлан Ақпан Алматы тауларында көзге түстіСөз соңында блогер достарынан, таныстарынан және әріптестерінен қолдау сұрады.Іздеуде жүрген Ағлан Ақпан Алматы тауларында көзге түстіАйта кетейік, бұған дейін “Qoslike” жобасының қатысушысы, блогер Ағлан Ақпан жұмыс тауып беремін деп бір топ адамды алдап соққаны хабарланған еді.

Ақпаратқа сәйкес, блогер Еуропа мен Аустралияға жұмысқа орналастырамын деп бірнеше адамнан ақша алып, кейін виза берілмегенін айтып, жоғалып кеткен. Жәбірленушілердің айтуынша, бас-аяғы 15 адам адам ақшасын қайтара алмай жүр. Бұл туралы 2025 жылғы тамызда “Әділдік алаңы” бағдарламасында айтылған еді.

Ағлан Ақпан “Qoslike” бағдарламасына қатысқаннан кейін танымал болды. Кейін ол шетелге турлар ұйымдастырумен және жұмысқа орналастыру қызметімен айналысып, Instagram парақшасын белсенді жүргізген. Алайда осы даудан кейін ол әлеуметтік желілерден мүлде жоғалып кетті.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 27 Ақпан, 2026 12:26