Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Итті құтқарған алматылықтарға арнап мүсін орнатылды (видео)

Фото: Видеодан скрин

Алматыда Сайран көлінің маңында көпшілікті әсерге бөлеген итті құтқару оқиғасына арналған ерекше арт-нысан орнатылып жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, композиция Үлкен Алматы өзенінің арнасында, Сайранға құятын жерде орналасқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Арт-нысан 22 наурыз күні ресми түрде ашылады. Жобаның бастамашысы – ForteBank. Скульптура шынайы оқиғаға негізделген: онда адамдардың бір-біріне қол созып, тізбек құрып, жануарды құтқарған сәті бейнеленген. Мұны алматылықтар өзара көмек пен жанашырлықтың символы деп түсінген.

Оқиға куәгері Марьяннаның айтуынша, бәрі жай серуен кезінде болған. Су ішінде қалған итті көрген жастар бірден көмекке ұмтылып, бір-бірінің қолынан ұстап, оны аман алып шыққан. Сол сәт видеоға түсіп, әлеуметтік желіде кең тараған.

Арт-нысан авторы қазақстандық танымал суретші Ербосын Мельдибеков. Композицияның ерекшелігі – соңғы адамның қолы қоршаудан сыртқа шығарылған. Бұл жерден өткен адамдар да қолын созып, "құтқару тізбегінің" бір бөлігіне айнала алады.

Фото: threads.com cкрин

Алматылықтар бастаманы жылы қабылдап, оны "адамгершіліктің символы" деп баға берген. Олардың айтуынша, жануарларға қатысты жағымды жаңалықтардың пайда болуы қуантады, себебі көбіне қатыгездік пен теріс оқиғалар жиі айтылады. Кейбірі бұл бастаманы "өте жақсы әрі әсерлі жоба" деп бағалап, итті құтқарған жастардың әрекетін ерекше атап өткен.

Куәгерлердің бірі сол күнді еске алып, оқиғаның өзіне қатты әсер еткенін жеткізген. Оның айтуынша, бұл видео алғаш жарияланған кезде көпшілікке тез тарап, адамдар құтқарушыларды іздеген. Жалпы, желі қолданушылары мұндай игі істерді бейнелейтін нысандар қаланың ажарын ашып, оны тұрғындарға жақын әрі жылы ететінін атап өтті.


 


Айта кетейік, оқиға 2016 жылы болған. Сол кезде алматылықтар өз өмірлерін қатерге тігіп, суға құлаған итті бірігіп құтқарып қалған еді.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 22 Наурыз, 2026 12:58