Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"3 минутта өліп қалды": Талғарлық зооқорғаушылар жаппай ит атуды тоқтатуды талап етті

Талғарлық волонтерлар инспекторлардың иттерді таңдамай, улағыш дротиктермен ататынын айтып шағымданды. Қоғам белсенділерінің сөзінше, үй жануары да өлтірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Мәліметтерге сенсек, қаңғыбас жануарларды аулау қызметінің өкілдері өзін ақтап отыр. Аула қызметі иелері иттерін көшеге қараусыз жіберіп, үйірге бірігіп, адамдарға шабуылдайтынын айтады. Зооқорғаушылар қаңтар айының соңынан бастап көшелерде иттердің өлекселерін көре бастаған.

"Талғар қаласы. Әскери бөлімше аумағында иттің өлігі жатыр. Болжам бойынша ол уланған. Себебі аузынан қанды көбік аққан", – деді зооқорғаушы.

Белсенділердің пікірінше, жануарларды аулау қызметкерлері иттерді бей-берекет атады. Олардың қаңғыбас немесе үй жануары екенін анықтамайды.

"Итті аса қатыгездікпен ұстады. Оны екі жағынан бұғалыққа салып, көлікке лақтырып жіберді. Бұл – біздің саябақта жүрген қаңғыбас, бірақ ешкімге зияны жоқ ит еді. Біздің талабымыз – қаңғыбас иттерді ұстау кезінде адамгершілікті сақтау", – деді зооқорғаушы Эльмира Тоқтамысова.

Ал талғарлық Любовь Костяева екі аптадан бері өзінің үй жануарының не себепті өлтірілгенін анықтауға тырысып жатыр. Ол 13 жастағы Хатико есімді иті ауласында жүрген кезде улағыш дротик тигенін айтады. Итті құтқару мүмкін болмаған. Енді тұрғын бұл істің тергелуін талап етіп жатыр.

"Иттерім ауламда, қоршаудың ішінде жүрген. Бірақ менің итіме дротик атылды. Итке адреналин де, шокер де салынды. Бірақ оны аман алып қала алмады. Итім 3 минутта өліп қалды. Олардың үй жануарларын өлтіруге қандай құқығы бар? Итімнің төлқұжаты, чипі бар, барлық екпелері жасалған", – деп ашуланды Любовь Костяева.

Талғар тұрғындары екіге бөлініп, бірі қаңғыбас иттерді қорғаса, екіншісі олардан қауіптенеді. Аш иттер топтасып, адамдарға агрессия танытып, балаларға шабуыл жасау оқиғалары тіркелген. Надежда Барбанакова немересінің иттен зардап шеккенін айтады. Бала қызды қорғауға тырысқанда, ит оны аяғынан тістеп, ауыр жарақаттаған. Былтыр Алматы облысында иттердің адамдарға шабуылының 4 500-ден астам жағдайы тіркелді. Зардап шеккендердің жартысы – балалар.

Облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Шалқар Ақаштың айтуынша, 28 қаңтарда Жамбыл көшесіндегі тұрғындардың шағымынан кейін қаңғыбас иттерді аулау жүргізілді. Маман қаңғыбас жануарлардың көбеюіне иелерінің жауапсыздығы себеп екенін атап өтті.

Ал Алматы ветеринарлық қызметінің басшысы Қанат Қакен қаңғыбас иттерді өлтірмейтінін айтады. Қанат Қакеннің сөзінше, иттерді ұстап, вакцинациялап, стерилизациядан кейін бұрынғы мекеніне қайта жібереді. Ветеринарлар иелері қараусыз жіберген үй жануарлары да қауіпті болуы мүмкін екенін айтып, тұрғындарды жануарларын қадағалауға шақырды.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларды жаппай өлтіру ұсынылғанын жаздық. 21 қараша күні мәжілісте өткен дөңгелек үстелге депутаттар, еріктілер, заңгерлер және қаңғыбас жануарлардың шабуылынан зардап шеккен азаматтар қатысты. Депутат Әнас Баққожаев мемлекеттік бюджеттен мектеп оқушыларына күніне 840 теңге, ал жануарларға "одан да көп" жұмсалатынын айтып, ауланған жануарды ұстаған сәттен бастап бес күнде эвтанизациялауды ұсынды. Ал иесі болуы мүмкін жануарларды 15 тәулік ұстауды ұсынды.

Талқылау