Ит аулау тоқтатылды: Атыраулықтар қаңғыбас иттердің көбейгеніне алаңдаулы
Әлеуметтік желіде атыраулықтар қала көшелерінде қаңғыбас иттердің көбейіп кеткенін айтып, алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайыққа” сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Тұрғындар күн сайын көбейіп жатқан бұралқы иеттерден қауіп көп деп отыр. Айтуыларынша, иттер мектепке бара жатқан балалардың артынан жүгіріп, қорқытатын көрінеді. "Жұлдыз-2" ықшамауданы тұрғындарының бірі мұның біршама уақыттан бері жалғасып келе жатқанын айтып, балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді.
“Қазір қаңғыбас иттерді аулау жұмысы тоқтап тұр. Ит аулайтын ұйымдарды анықтауға қаражат бөлініп, тендер жарияланды. Жұмыс жеңімпаз ұйым анықталғаннан кейін басталады”, – деп мәлімдеді Атырау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.
Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметтерге сәйкес, биыл Атырау облысында қаңғыбас иттерді ұстауға және аулауға 71 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Қаражаттар келесідей бөлінді:
- Исатай ауданы – 2 656 000 теңге;
- Махамбет ауданы – 2 943 000 теңге;
- Қызылқоға ауданы – 3 087 000 теңге;
- Мақат ауданы – 3 015 000 теңге;
- Индер ауданы – 3 302 000 теңге;
- Құрманғазин ауданы – 5 600 000 теңге;
- Жылыой ауданы – 8 616 000 теңге;
- Атырау қаласы – 42 579 000 теңге.