Испаниядан үй, елордадан пәтер: Астанада жеке клиника басшылары МӘМС-тен 682 миллион теңге жымқырған
Фото: ҚМА
Астанада екі жекеменшік клиника басшылары жүйеге жалған науқастар тізімі мен көмек көрсетілгенін жүктеп Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 682 миллион теңге жымқырған. Олардан Испаниядағы қала сыртындағы үй, Астана қаласындағы пәтер, сондай-ақ автокөлік тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Астана қаласы бойынша департаменті екі жекеменшік клиниканың басшысына тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
2022 жылы Қор мен клиникалар арасында жалпы сомасы 2,4 миллиард теңге болатын медициналық қызметтер көрсету туралы шарттар жасалған. Оның ішінде жылжымалы медициналық пойыз қызметтері де қамтылған.
“Жобаны іске асыру басталғаннан кейін клиникалар басшысы алаяқтық схема ұйымдастырып, медициналық көмекті іс жүзінде алмаған пациенттер туралы ақпараттық жүйеге көрінеу жалған мәліметтер енгізген. Атап айтқанда, жалған диагноздар мен көрсетілмеген қызметтер тіркелген.
Күн сайын жалған түрде тіркелетін пациенттер саны 90-нан 150 адамға дейін жеткен. Нәтижесінде клиникалар нақты көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін Қор қаражатынан заңсыз түрде 682 миллион теңге алған. 2024 жылдың қаңтар айында қылмыстық жолмен алынған табыстың бір бөлігі – 364 миллион теңге клиникалар басшысы мен оның жұбайының жеке есепшоттарына аударылған”, – делінген хабарламада.
Сот санкциясымен оның мүлкіне Испаниядағы қала сыртындағы үй, Астана қаласындағы пәтер, сондай-ақ автокөлікке тыйым салынды.
Заңға сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты