Дәрігерлер марқұм донордың бет терісін басқа науқасқа ауыстырды

Испаниялық дәрігерлер эвтаназия жасалған донордан бетке трансплантация жасап, әлемдік медицинада бұрын болмаған тәжірибені іске асырды. Операция Барселонадағы Валь-д’Эброн университеттік клиникасы базасында жүргізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vallhebron.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Шамамен 24 сағатқа созылған операцияға 100-ге жуық маман пластикалық және реконструктивті хирургтер, микрохирургтер, анестезиологтар, иммунологтар, психиатрлар, психологтар мен мейірбикелер қатысты. Мамандардың айтуынша, бет трансплантациясы композитті тін трансплантациясына жататын, аса күрделі хирургиялық араласу болып саналады.
Клиниканың пластикалық хирургия және күйік бөлімінің меңгерушісі, доктор Жоан-Пере Баррет и Нериннің айтуынша, операция эстетикалық емес, ең әуелі, функционалды мақсатта жасалады.
"Бет трансплантациясы – стандартты пластикалық хирургиямен қалпына келмейтін тіндер зақымданған жағдайда жасалатын операция. Ота ауру, күйік, жарақат немесе туа біткен ақаулар салдарынан бет пішіні қатты бұзылып, сөйлеу, тамақтану, көру секілді өмірлік маңызды функциялары зардап шеккен науқастарға арналған", – дейді ол.
Аталған клиника бет трансплантациясы саласында бұған дейін де бірнеше тарихи операция жасаған. Атап айтқанда, 2010 жылы Валь-д’Эброн әлемде алғаш рет толық бет трансплантациясын жүзеге асырған. Ал 2015 жылы бұл клиникада донорлықтың ерекше түрі бақыланатын асистолия жағдайында бет трансплантациясы алғаш рет орындалған.
Фото: vallhebron.com
Осы жолғы операцияның ерекшелігі донордың эвтаназияны өзі сұраған. Яғни донор медициналық көмекпен өмірін тоқтатпас бұрын ішкі ағзалары мен тіндерінен бөлек, бет-жүзін де донорлыққа беруге келісім берген.
Айта кетейік, эвтаназия дегеніміз – емі жоқ дертпен ауыратын адамның өз еркімен, дәрігерлермен келісілген және арнайы дәрілер көмегімен өлуі немесе өзінің өмірін қиюы.
"Донорлар мен олардың отбасылары әрдайым зор жомарттық пен адамгершілік танытады. Ал жағдай адамды ерекше толғандырады. Өмірден кетуді таңдаған адам өзінің соңғы тілектерінің бірін бейтаныс жанға арнап, оған жаңа өмір сыйлады", – дейді клиниканың донорлық және трансплантация жөніндегі медициналық үйлестірушісі доктор Элизабет Навас.
Реципиент бактериялық инфекция салдарынан бет тіндері некрозға ұшырап, бетінің орталық бөлігін (I типті трансплантация) ауыстыруды қажет еткен әйел.
Дәрігерлердің айтуынша, бет трансплантациясы үшін донор мен реципиенттің жынысы мен қан тобы бірдей болуы, бас сүйегінің антропометриялық көрсеткіштері сәйкес келуге тиіс. Сонымен қатар үміткердің психологиялық жағдайы, бейімделу қабілеті, әлеуметтік және отбасылық қолдауы да жан-жақты бағаланады.
Операция барысында науқасқа тері, май тіні, бет бұлшықеттері, жүйкелер мен бет сүйектері трансплантацияланған. Отадан кейін пациент бір ай бойы ауруханада ем қабылдап, жансақтау, оңалту және күйік бөлімдерінде бақылауда болды. Физикалық медицина және оңалту бөлімінің дәрігері Даниэла Иссаның айтуынша, алғашқы кезеңде бет қимылсыз болады.
"Жүйке байланыстары бірден қалыптаспайды. Біз иннервацияны ынталандыру үшін айна, түрлі текстуралар, бейнелер арқылы күнделікті жаттығулар жүргіземіз. Бұл ұзақ әрі тұрақты жұмысты талап етеді", – дейді маман.
Айта кетейік, қазірге дейін әлемде бәрі 54 бет трансплантациясы жасалған. Мұндай операцияларды орындауға қабілетті орталықтар саны шамамен 20 ғана. Ал Валь-д’Эброн клиникасы Испанияда жүргізілген алты бет трансплантациясының үшеуін орындаған жетекші медициналық орталықтардың бірі саналады.
Еске салайық, бұған дейін ер адам шошқаның бүйрегімен тоғыз ай өмір сүріп, рекорд жаңартқанын жазған едік. 67 жастағы Тим Эндрюс шошқаның бүйрегімен 271 күн өмір сүріп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі рекордтан (130 күн) екі есеге жуық көп. Массачусетс ауруханасының хирургтары органның қызметі төмендеген соң оны алып тастаған, ал науқас қайтадан тұрақты диализ қабылдай бастады. Эндрюс қазір адам бүйрегін алмастыруға арналған күту тізімінде тұр.
"TikTok арқылы жарын жолықтырып, заңгерден әншілікке өткен": Желіде танымал болған қазақстандықтар қалай жетістікке жеткенін айтып берді