Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Испания 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салмақ

16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні пайданалуға шектемекФото: Keiko Iwabuchi / Getty Images

Испанияда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу туралы шешім келесі аптада Министрлер кеңесінде мақұлдануы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Испания премьер-министрі Педро Санчес Мадрид 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектейтінін айтты. Үкімет басшысы бұл туралы сейсенбі, 3 ақпанда Дубайда өткен Дүниежүзілік үкіметтік саммиттің пленарлық отырысында мәлімдеді.

“Платформалар жас ерекшелігін тексерудің тиімді жүйелерін енгізуге міндетті болады. Бұл жай ғана формалдылық емес, шын мәнінде жұмыс істейтін нақты тосқауылдар болуға тиіс”, – деп атап өтті ол.

Санчестің айтуынша, Испания кәмелетке толмағандарды “цифрлық Жабайы Батыстан” қорғайды.

Politico басылымының мәліметінше, бұл тыйым келесі аптада Испания Министрлер кеңесінде мақұлданады деп күтіліп отыр. Жаңа түзету 16 жасқа толмаған қолданушылардың цифрлық платформаларда тіркелуіне тікелей тыйым салады.

Кең ауқымды шаралар пакеті

Санчестің сөзінше, жаңа бастама цифрлық кеңістікте “бақылауды қайта қалпына келтіру” үшін қажет кең ауқымды шаралар кешенінің бір бөлігі.

“Үкіметтер улы контенттің таралуына көз жұма қарауды тоқтатуға тиіс”, – деді ол.

Атап айтқанда, заңсыз контент үшін әлеуметтік желі басшыларын заңды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ жалған ақпаратты, өшпенділік тілін және балалар порнографиясын қатаң бақылау мәселелері қарастырылып отыр.

Дания, Франция және Португалия да алаңдаулы

Смартфондар мен әлеуметтік желілерге тәуелділіктің балалардың психикасына кері әсер ететініне басқа елдерде алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәселен Дания бұған дейін 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу жоспарын жариялаған.

Еуропалық деңгейде Еурокомиссия жақында YouTube пен Snapchat сияқты платформалардың кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі Цифрлық қызметтер туралы заң (DSA) талаптарына сәйкестігін тексеретінін хабарлады.

Париж мұндай тыйымды қыркүйек айынан бастап енгізуді талап етіп отыр. Ал Португалияда билік басындағы оңшыл-орталықшыл Социал-демократиялық партия 2 ақпанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге кіруі үшін ата-анасының келісімін міндеттейтін заң жобасын ұсынды.

Аустралия 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған әлемдегі алғашқы ел атанды. Ел парламенті 2024 жылғы қарашада қабылдаған заң 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап күшіне енді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынбайтын болғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 04 Ақпан, 2026 22:58