Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Исламшыл топтың жетекшісі Сирия президенті болып тағайындалды

Исламшыл топ жетекшісі Ахмед аш-Шараа Сирияның “уақытша” президенті болып тағайындалды. Мемлекет басшысын Хаят Тахрир аш-Шам исламшыл тобы басқаратын Сирия әскери альянсы жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Getty Images/Anadolu/Arda Kucukkaya

Әскери қолбасшылық Сирия конституциясының тоқтағанын және уақытша заң шығарушы кеңес құру үшін өкілеттіктердің Шараға берілгенін жариялады. Сондай-ақ парламент тарап, елді ондаған жылдар бойы басқарған “Баас” партиясы жойылды. 

“Өтпелі кезеңде мемлекеттік құрылымдарды қайта құру, "әділет арқылы азаматтық бейбітшілікті" қамтамасыз ету және Асад режимі құлағаннан кейін кек алу әрекеттерінің алдын алуға басымдық беріледі. Төрт жылда ұлттық конференция өткізіп, инклюзивті үкімет жасақтап, сайлау ұйымдастыруға уәде беремін”, – деді жаңа президент.

Ахмед аш-Шараа билік вакуумын заңды жолмен толтыру басты міндет екенін атап өтті. Ол мемлекеттік институттардың, соның ішінде әскер мен қауіпсіздік органдарының жұмысын қалпына келтіруге, сондай-ақ саяси реформаларды бастауға ниетті.



Катар биліктің ауысуын құптап, оған"консенсус пен бірлікке жасалған қадам" деп баға берді. Алайда сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Лондон экономика мектебінің қызметкері Фаваз Гергес Шараа мен оның жақтастары бір партиялы исламшыл билік орнатуды көздейді деп санайды. Карнеги Таяу Шығыс орталығының сарапшысы Моханад Хейдж Али жаңа әкімшіліктен Сирияның мәдени және діни әртүрлілігі байқалмайды деп есептейді. 

Бұған дейін Сирияның жаңа билігі Ресейден Башар Асадты қайтаруды және өтемақы төлеуді талап еткен еді. 

Талқылау