Исламда түс көру жайында не айтылған?
Ардақты Алла елшісі (с.а.у.): «Түс көру – пайғамбарлық бөліктерінің бір бөлігі» деген. Түстер ақиқаттың жаршысы ретінде кейде болатын жәйттардан хабардар етуі мүмкін. Олар – кей кезде анық, кей кезде астарлы болып келеді.
Астарлы түстерді түсіну үшін түс жорушылардың көмегіне жүгіну керек. Мысалы, Юсуф пайғамбардың (ғайлейһиссәләм) бойында түсті тура жорып, астарын анық ашып берер Құдай берген қасиет болған, деп жазады islam.kz.
Дегенмен, түстің бәрі ақиқат емес. Осы жөнінен алғанда Пайғамбарымыз (с.а.у) үш түрлі түстің болатындығын айтқан:
1. Салиқалы түс. Хадисте «ру’я салиха» деп келеді. Мәнді, мағыналы түс. Басқаша айтқанда: «Рахмани түс». Мұны қазақта «аян» дейді.
2. Шайтанның үркітуі. (Шайтани түс).
3. Өз-өзіне айтқан нәрселерінің түсінде көрінуі (қияли түс).
Салиқалы түс (Рахмани түс) – Алла тарапынан келген аян іспетті. Мұндай түстер мазмұн жағынан мәнді де, маңызды, әрі еш күдік қалдырмайтындай ап-айқын болып, онысы кейіннен өңінде көрініс тауып жатады. Рахмани түстердің бір ерекшелігі, олар не сүйіншілеуші, не ескертуші сипатта болады. Және көбіне сәресі уақыттарында орын алады. Мұндай түске Пайғамбарымыз «пайғамбарлықтың қырық бес бөлігінің бір бөлігі» деп сипаттама берген.
Сопылық жолындағы ғалымдардың түсіндірмесіне қарағанда, адам ұйқы сәтінде материалды өмірмен байланыстың ең төменгі деңгейінде болады екен. Ол кезде адамның тылсым әлемді перделеп, көрсетпей тұрған іштегі нəфсəни бұлттары тарқап, рухани сезгіштігі артады. Соның салдарынан кейбір көмес жәйттар анық бейнеленіп, кейіннен онысы өңінде көрініс тауып жатады. Ғайыптағы ақиқи мәліметті арнайы періштелер ләухул махфуздан (үммуль китаб) алып, Жаратушы Ұлы Алланың әмірімен ұйқыдағы адамның рухына көрсетеді. Бұндай түс көбінесе салиқалы, тақуа адамдарға тән.
Ал, шайтани түстерге адамға қорқыныш пен үрей салатын, жаны қысылып, көңілсіздік тудыратын түстерді жатқызсақ болады. Мысалы, жоғарыдан құлдилап құлау, су терге түсіп біреуден қашу, жан тәсілім ету, қол-аяғы немесе басы яки басқа ағзаларының бірі кесіліп қалу, құбыжық көру т.б.
Мұндай түстің адам өміріне ешбір әсері жоқ. Мағынасыз. Атам қазақ: «түс – түлкінің боғы» деп, осы шайтани түстерге байланысты айтса керек.
Хадисте «шайтани түс көрген кісі шошып оянған заматта сол жағына үш рет түкіріп, «әғузуді» айтсын. Сосын келесі бүйріне ауысып жатсын» делінген.
Үшіншісі – «қияли түс», ояу кезде мән беріп, көп ойлаған нәрселері, жоспарлаған істері, көңіл-күйіне әсер еткен дүниелер, ғашық болған адамы т.б. адамның қиялынан туындаған түстер. Мысалы, ұйықтап жатып қатты шөлдеген кісінің түсінде мұздай су ішіп жатқанын көргені сияқты.
Тағы да оқыңыз:
Қазақстандағы мектептерде оқушыларға дәмсіз әрі пайдасыз тағамдар береді
40 жастағы әйел мерекеде күйеуіне сыйлық ретінде “пәктік” жасатқан