Ислам Махачев UFC-дегі үздік файтер мәртебесінен айырылды
Фото: instagram.com / islam_makhachev
Ultimate Fighting Championship (UFC) ұйымы салмақ дәрежесіне қарамастан ең мықты спортшыларды біріктіретін Pound-for-Pound рейтингін ресми түрде жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жолы көшбасшы ауысты — енді рейтингтің бірінші сатысында испаниялық чемпион Илия Топурия тұр. Ол Ислам Махачевты артқа тастап, үздіктер тізімінің басына шықты.
Мұндай өзгеріске себеп — Топурияның UFC 317 турниріндегі жарқын жеңісі. Ол осы жарыста Чарльз Оливейраны нокаутпен жеңіп, жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуді иеленді. Бұл жетістік оған тек титул ғана емес, сондай-ақ UFC-дегі Pound-for-Pound рейтингінің көшін бастауға мүмкіндік берді.
Ал Ислам Махачев ұзақ уақыт бойы осы рейтингте бірінші орында тұрған еді. Алайда оның жартылай орта салмаққа ауысуы мен соңғы уақытта жекпе-жекке шықпауы нәтижесінде ол екінші орынға ығыстырылды.
Осылайша, Илия Топурия UFC тарихында рейтингтің бірінші сатысына көтерілген алғашқы испаниялық файтер атанды. Енді оған қарсылас ретінде Ислам Махачев, Пэдди Пимблетт немесе Джастин Гейджи секілді танымал спортшылар қарастырылуда. Оның келесі жекпе-жегі биылғы жылдың соңына жоспарланған.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
