"Ислам дініне күйе жағуына себепкер болды": ҚМДБ Ақтөбедегі мешітте қызға бір реттік некеге тұруды ұсынған ер адамның ісін қаралайтынын мәлімдеді
Фото: видеодан кадр
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының маманы Елбек Тасболатұлы мүфтияттың Ақтөбедегі мешітте болған жағдайға қатысты ұстанымын жеткізіп, әйелдің мешітке барып, намаз оқуына қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елбек Тасболатұлы діни басқарма Ақтөбе қаласындағы қыз балаға орынсыз сөз айтқан ер кісінің ісін қаралайтынын жеткізді.
"Өйткені ол кісіні шариғатқа қайшы сөз айтумен қоса, шариғатқа, адамгершілікке сәйкес келмейтін іс-әрекеттерді жасап, ислам дініне күйе жағуына себепкер болып қалды деп есептейміз", – дейді ол мүфтияттың желідегі ресми парақшасында жарияланған бейнежазбада.
Сондай-ақ ҚМДБ өкілі қоғамда тараған "Әйел неге мешітке барады?" деген сыңайдағы пікірге жауап қатты.
"Әйел кісі өзінің үйіндегі мешітте намаз оқығаны абзалырақ, сауаптырақ. Ханафи мазхабында осылай айтылады. Дегенмен әйел кісі мешітке келіп құлшылық жасаса немесе дінін үйренсе, бұл – рұқсат амал, әбестігі жоқ.
Мешіт – құлшылық пен әдепті, ізетті үйренетін орын. Мешітте орынсыз сөздер, ұятсыз іс-әркеттер жасау – дініміз қаралайтын нәрсе, жалпы адамгершілікке де жат болған нәрселер болып есептеледі. Сондықтан мешітке келгенде біз Алланың құзырына, Алланың үйіне келіп жатқанымызды ұмытпайық", – дейді ұстаз Елбек Тасболатұлы.
Еске салсақ, бұған бейін Ақтөбеде мешітте ер адам қызға интимдік қатынас үшін бір реттік некеге тұруды ұсынғаны туралы жазған едік. Желіде тараған видеода бойжеткен ер адамның оны мешіттен шығармай қойғанын айтқан.
Көп ұзамай полицейлер мешітте қызға орынсыз сөйлеген ер адамды анықтап, ұстады. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында 42 жастағы күдікті Талғат Ахметовке қатысты іс қаралды, сотта күдікті өз кінәсін мойындамады. Алайда сот Ахметовтің кінәсі дәлелденді деп тауып, оны 5 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
