Ішкі істер министрлігі жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарға ескерту жасады
Фото: pixabay.com
Ішкі істер министрлігі жаңа жыл қарсаңында пиротехниканы пайдалану ережелерін еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік өкілдері пиротехникалық бұйымдар оқыс жағдайларға алып келетін жайттар аз емес екенін алға тартты.
“Пиротехникалық бұйымдарды, отшашуды жарамсыз күйде қолдану, үйде немесе автомобильдерге жақын жерде қолдану, масаң күйде қолдану және балаларға беру қауіпті болып табылады. Осындай жағдайларды болдырмас үшін қазіргі таңда Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Астана қаласы Полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, жаңа жыл акциясын ұйымдастырып жатырмыз. Қазір Астанадағы ірі сауда орталықтарының маңында пиротехникалық бұйымдар сататын 66 ресми сауда нүктесі ашылған. Ал заңсыз сауда үшін 48 хаттама толтырылып, бір мыңға тарта өнім тәркіленді”, – дейді Байқоңыр ауданы төтенше жағдайлар басқармасының инженері Темірлан Айтбек.
Мамандар мұндай техниканы арнайы рұқсат етілген жерден ғана алуға кеңес берді.
“Тек қана рұқсат етілген жерлерден сатқызылады. Оған әкімшіліктен рұқсат беріледі. Оларды тексереміз, өрт қауіпсіздігі бойынша оларда өрт сөндіру бұйымдары болуы керек. Заңсыз сатқандарға айыппұл салынады. Бірінші жолға 204 бап, бірінші тармағымен ескерту саламыз. Ол егер де қайталатын болса айыппұл салынады”, – дейді учаскелік инспектор Дәулет Қожахмет.
Жаңа жылда отшашу қолданғаны үшін қарапайым азаматтар да жазалануы мүмкін. Мәселен, түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды.
Сонымен қатар елдімекендердің аумағында пиротехника қолданғандардың жазасы төрт есе ауырлайды. Яғни 20 айлық есептік көрсеткіш. Ал тыныштық бұзған азамат 16 жасқа толмаса орнына ата-анасы немесе қамқоршысы жауап береді.
Сондықтан полиция отшашуды тек ашық аумақта, қолдану нұсқаулығын сақтау керегін ескертеді.
Еске салсақ, бұған дейін отшашу атқан қазақстандықтарға салынатын айыппұл мөлшері жарияланған еді.