Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда “Айшуақ-Жантүгел” қылмыстық тобының мүшелері ұсталды

Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 30-дан астам қылмыстық топ жетекшісі мен белсенді мүшесі ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: polisia.kz

Олардың криминалдық қызметі туралы дәлел жинау арқылы қылмыстық топ жетекшілері мен белсенді мүшелерін қоғамнан оқшаулау шаралары қабылданып жатыр.

Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және мүше болу бойынша 15 факт анықталып, тіркелді. Мәселен, 7 ақпанда ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері Алматы қаласында құрамында танымал “Айшуақ-Жантүгел” ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері бар топты құрықтады. Жедел-тергеу іс-шараларының арқасында 14 адам ұсталды.

7 атыс және травматикалық қару, 4 граната, 200-ден астам оқ-дәрі, есірткі заты, сондай-ақ басқа да суық қару тәркіленді.

Топ мүшелері кәсіпкерлерге өздерінің криминалдық “қамқорлығын” көрсете отырып, оларды бопсалаумен айналысқаны анықталды. Олар Алматы қаласының темір жол вокзалдары аумағында, сондай-ақ базарларда өз ықпалын жүргізген.

“Ұсталған адамдарға қатысты Алматы қаласы полиция департаменті тергеу басқармасы бопсалау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша бірнеше қылмыстық істі тергей бастады”, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Сол күні полиция Степногорск қаласында осыған ұқсас ұстау операциясын жүргізді. Жедел жұмыс нәтижесінде қала тұрғындарын қорқытып, күш көрсету арқылы бопсалаумен айналысқан жергілікті криминалитет топтың жолы кесілді. 

“Қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша изоляторға қамалды. Оларға қатысты Ақмола облысы ПД тергеу басқармасы бопсалау фактісі бойынша 6 қылмыстық істі тергеп жатыр. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне сай жарияланбайды”, – деді Қуандық Алпыс.

Талқылау