"Хутор" бандасына қатысы бары айтылған Хасан Қасымбаев Шерзат Болаттың ісінде күдікті деп танылмады
16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты өткен арнайы брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Талғарда “Хутор” деп аталатын банданың жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Хасан Қасымбаев әлеуметтік парақшасынан
Бауыржан Әленов 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысы бар деп айыпталған “Хутор” бандасының басшысы Хасан Қасымбаевтың қылмысқа еш қатысы жоқ деген мәлімдеме жасады.
БАҚ өкілдері Талғардағы жергілікті тұрғындар “Хутор” деп аталатын ұйымдасқан қылмыстың топтың барын жарыса айтқанын жеткізді. Ішкі істер министрлігінің өкілдері бұл сауал бойынша тексеру жұмыстарын жүргізетінін айтты.
“Хутор” ұйымдасқан қылмыстық топ тіркеуде мүлдем жоқ. Жәбірленуші тараптың үйінің өртенуіне қылмыстық топ өкілдерінің қатысы бары туралы ақпарат тексеріліп жатыр”, – деді Бауыржан Әленов.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. 14 қазанда марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты бұрынғы “Хутор” ауылының тұрғындары пікір білдірген еді. Ал кешке қарай Хасанның өзі экранға шығып, үндеу жасаған. Ол адвокат жалдағанын, өзін “Хутор бандасының” басшысы деп қаралағандармен соттасатынын айтқан.