Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішкі істер министрлігі самокатшылар үшін кикшеринг компаниялардың басшылары жауапқа тартылатынын ескертті

СамокатшыФото: freepik.com

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев брифингте самокат пайдаланушылар жол ережесін бұзса, кикшеринг компаниясы басшылары жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Комитет басшысы бұған дейін барлық кикшеринг компанияның басшылары самокаттарды тротуарда пайдаланса, жылдамдық 6 км/сағаттан асырылмайтынына уәде бергенін еске салды.

"Сондықтан бұл компаниялардың басшыларына заң аясында шара қолданылады. Оған қоса, пайдаланғаннан кейін самокаттарды кез келген жерде тастап кететінін, олар жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп, жалпы айтқанда, тәртіпсіздік туғызатынын бәріңіз көріп отырсыздар. Сондықтан біз бұл компаниялардың басшыларынан жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, самокаттарға арналған тұрақ орындарын анықтауды сұрадық. Алайда бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Осыған байланысты біз шаралар қабылдаймыз: олардың барлығын жауапқа тартамыз", – деді Қайсар Сұлтанбаев.

Оның айтуынша, қазіргі басты мәселе – самокаттардың тротуармен жүруі және жылдамдықты сақтамауы. Сондай-ақ ол қауіпсіздік мәселелері де бар екенін атап өтті.

"Қазір самокатты қауіпсіз жүргізу мәселесін шештік деп айтуға әлі ерте шығар. Бірақ біз бәрін ретке келтіреміз, осыған сөз беремін", – деп сендірді Әкімшілік полиция комитетінің басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін ішкі істер министрлігі мектептерде жол қозғалысы ережелерін міндетті пән ретінде енгізуді ұсынған еді.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 27 Тамыз, 2025 16:56
Талқылау