"Ішінде құрт жүргендей болады": Түркістан облысында улы заттан адамдар арасында жұқпалы ауру өршіп жатыр
Түркістан облысы Көксарай ауылының жасы да, кәрісі де лейшманиоз ауруынан жапа шегіп отыр. 118 ауыл тұрғыны дертке шалдығуы мүмкін деген күдікпен дәрігерлер бақылауына алынды. Жергілікті халық ауыл маңындағы уран өндірумен айналысатын алып кәсіпорынның кесірінен осындай жағдайға тап болдық деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде уран өндіретін кәсіпорынға тиесілі көліктен белгісіз сұйықтықтың жерге төгіліп жатқан видеосы тарады. Видео авторы өндіріс ошағының қызметкері екенін және басшылығының тапсырмасымен күкірт қышқылын жерге төгіп, кейіннен оның бетін топырақпен жауып кететінін ашық айтқан.
Кейінгі уақытта малдың жиі қырылатынын айтқан ауыл тұрғындары аурумен күресіп шаршаған.
“Басында кішкентай болып, маса шаққандай болып шығады. Сүйел сияқты кішкентай қызыл болып тұрады. Содан кейін асты іріңдейді. Сосын кәулеп, үлкейе береді. Сосын жара ауыртады, қақсайды. Осы кезде ішінде құрт жүргендей болады. Менің бетімде де болды”, – дейді ауыл тұрғыны Мөлдір Жайлаубаева.
Адамдардың денесінде аурудың салдарынан жара пайда болған. Тіпті екі оқушы сырқатының кесірінен мектепке бара алмай қалған.
“Былтырдан бастап осы жара көбейе бастады. Бұның ешқандай емі жоқ. Біз халық көбіне ураннан көреміз. Кеше төгіліп жатқан уран осы Заречноеде болды. Мен өзім көтердім, осыдан болуы мүмкін. Кислотаның кішкентай бірнәрсесі болса, күйеді. Мүмкін содан жұғып-жұғып, бәлкім соның ұшқынынан күйіп жатыр ма”, – дейді түсінбей әлек болған Көксарай ауылының тұрғыны Жолбарысхан Мырзапейіс.
Дәрігерлер лейшманиоз ауруына шалдығуы мүмкін деген күдікпен 118 адам тіркелгенін айтты. Қазір 70 науқасқа ем-дом жасалып жатыр. Экологтар кәсіпорын күкірт қышқылын ауыл маңайына төккенін растады. Аумағы 600 шаршы метр шамасында улы зат төгілді деп отыр. Қазір қылмыстық іс қозғау үшін Отырар аудандық полиция бөлімшесіне хат жолдаған.
“Бұл Экологиялық заңды талаптардың өрескел бұзылуына әкеп соқты. Департамент экологиялық залалды жою үшін экологиялық кодекстің 139-бабына сәйкес, ревидиация бағдарламасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ бүкіл жерлерді толықтай тазалап, қалпына келтіру міндеттелді”, – дейді Түркістан облысы бойынша бас экологиялық инспектор Нұржас Нұрболатұлы.
Ал компания өкілдері тексеру жүргіземіз деп қысқа қайырған.
“Видеода көрсетілген жерде шектеуден асқаны анықталған жоқ. Бірақ басқа жерлерден расствордың төгілгені анықталды. Ол жөнінде бүкіл кәсіпорында осындай тексеру. Ішкі қызметтік тексеру тағайындадық та. Сол тексеру нәтижесімен шара қолданамыз”, – деді "ҚАЗАТОМПРОМ" АҚ өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры Манас Ысқақов.
Ауыл тұрғындары дерт дендемей тұрып улы күкірт қышқылы табиғатқа төгілмесін деп талап қойып отыр.
Лейшманиоз — қан соратын індеместер арқылы тарайтын зоонозды тропикалық паразиттік инфекциялық ауру. Инфекция тері лейшманиозы (теріні зақымдайды) және висцералды лейшманиоз (ішкі мүшелерді зақымдайды) болып екіге бөлінеді. Аурудың инкубациялық кезеңі 2 аптадан 4 айға дейін созылады. Балаларда 3 айдан 1 жылға дейін, ал үлкендерде 3 жылға дейін созылады.