Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жастар жасаған тіл үйренуге арналған қосымша Duolingo-ны басып озды: Бірақ қазақ тілінде болмағандықтан сынға ұшырады

Фото: Әлеуметтік желіден

Қазақстандық жастар жасаған тіл үйренуге арналған қосымша App Store рейтингінде Duolingo-ны басып озды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстандық команда әзірлеген Aleem қосымшасы іске қосылғаннан кейін небәрі бір тәуліктің ішінде Duolingo қосымшасын басып озып, Қазақстандағы App Store-дың жалпы рейтингінде көш бастады. "Білім беру" санатында Aleem қосымшасы Қырғызстан мен Тәжікстанда бірінші орынға шықса, ТМД-ның басқа елдерінде үздік ондыққа енді.

Қосымша пайдаланушыларға өздеріне ұнайтын тақырыптар бойынша сөйлесу және жазу машықтарын дамытуға, күнделікті өмірде қажет болатын сөздерді үйренуге мүмкіндік береді.

"Біз экран алдында өткізілетін уақытты тіл меңгеруге арнауға көмектескіміз келеді, адамның телефонда күн сайын жасайтын әрекеттері: оқу, видео көру, сөйлесу – барлығы оқу үдерісінің бір бөлігіне айналады", – дейді қосымшаның негізін қалаушы Алидар Кучуков.

Aleem

Жоба командасының құрамында Асылжан Алтай, Темірлан Аманжанов, Ален Алтай, Бердібек Сапарбеков, Темірлан Темірбаев, сондай-ақ дизайнерлер Айя Жұмағалиева мен Амаль Садекова есімді қазақстандықтар бар.

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары қосымшада қазақ тілі жоқ екенін айтып, сынап тастады.

“Aleem платформасында неге қазақ тілі жоқ деп ашуланып жүргендердің қатарындамын. Бұл негізі ұлттық деңгейде көтерілу керек мәселе. “Неге қазақтың білімді жастары білімін өзге тілде дәлелдеуі керек?” деген сұраққа алып келеді. Бұл сұрақтың тамыры тереңде қазіргідей ағылшын тілін балабақшадан бастап үйрету деген үрдіс жалғасын тапса болашақта орыс-ағылшын тілін сауатты білетін бірақ өз тілін білмейтін ҚАЗАҚтар боламыз. Тіл ұмытылса ҚАЗАҚ болмауымыз да мүмкін”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі. 

Желі қолданушылары қазақстандық қосымша деп таныстырылған жобаның толықтай орыс тілінде екеніне наразылық білдіріп, жоба авторларының “жақында қосамыз” деген уәдесін де орынсыз деп тапқан.

“Aleem қосымшасын жар салып,бәрі мақтап жатыр екен! Бірақ қосымша толық орыс тілінде. Тағы да қазақ тілі шетке ысырылды.Онысымен қоймай, сүйіншілеп тұрып, қазақ тілін жақын арада қосамыз депті. Енді қара, елдің аты – Қазақстан. Халықтың басым көпшілігі – қазақтар. Сәйкесінше қазақтілділер көп. Бірақ қосымша кімдерге арналған? Орысша ойланып, ағылшын тілін үйренетіндерге ме әлде қалай өзі? Мен мұндай “аспанға бөрік атуды” түсіне алмаймын. Қалың жұртқа жариялаған соң, әбден дайын күйінде беру керек. Қазақтар! Орыс тілге қашанғы жалтақтап отырасыңдар? Қазақтілді аудитория бүгін де мықты. Несімен? Көптігімен. Қаржылық төлемімен. Бәріне ыңғайлы болсын деп өзге тілде шығардық деп сілтей салмаңыздар”, – деп жазды @ardak.japarova есімді желі қолданушысы. 

Тағы бір желі қолданушысы қосымшаның басқа қосымшалардан ешқандай ерекшелігі жоқ екенін айтады.

“Aleem қосымшасын жүктеп алдым. бірінші мақтап көрейін: интерфейсі әдемі екен. Бірақ ағылшын тілін орысша үйреніп отырған бір қазақты елестеттім де, бұдан асқан абсурд қайда бар екен деген ойдың шырмауына түсіп кеттім. Айналайындар-ау, сені қазақ болғаныңа бола, өніміңді біздікі-өзінікі-өндірістікі болғанына бола қолдайтын дәурен баяғыда-ақ өтіп кеткен. Енді мораль, әдеп, заң, біздік талап сияқты бірқатар дүниеге бағынуың керек. "Жақында қосамыз" дегенге де қанағаттана алмайды екем.әу баста қазақша жасалмаған дүниеге "өз қазағым бірдеңе істеп жатыр" деп бөркімді аспанға ата алмаймын, ренжімеңдер. Өте шикі дүние, жауапсыз тірлік, тілге деген немкетті қатынас. Демек, бұл да қатардағы көп қосымшаның бірі ғана”, – дейді желі қолданушысы. 

Пікір жазғандар арасында жастарды қолдағандар да бар. 

Фото: threads.com/@informeus

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 18:43
Талқылау