Қазақстандық жігіт қызды мейрамханаға шақырып, шотты төлеуге мәжбүрлеген: Желі қолданушылары "ас аңдығыш" қыздарды сынға алды
Фото: Stan.kz/Copilot AI арқылы жасалды
Қазақстандық қыз кездесуге барып, ыңғайсыз жағдайда қалғанын айтты. Айтуынша, ер адаммен қарапайым таныстықтың соңы есепшотты бөлісумен және дөрекі ұсыныспен аяқталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушысы мейрамханада есепшотты бөліп төлеуге қатысты басынан өткізген жағдайды баяндап, қыздарды “тарелочница” (ас аңдығыш, тегін тамақ жеуге келетінде) деп атады.
“Тарелочницалар”, осындасыздар ма? Әлде біреуіңізге ақша жинап берейік пе? Tinder-де бір қызбен кездесеміз деп шештік. Ол мейрамхананы өзі таңдады, қалағанының бәрін тапсырыс берді, бірақ соңында әркім өз есепшотын өзі төледі. Заман өзгерді. Қазір ер адамдар ақылдырақ, талғампаз бола бастады. Енді "тарелочницаны" (тегін тамақ жеуге келетіндерді) қарапайым қыздардан ажырата алады. Бұрын мұндайды джентльмендік деп атайтын, қазір бұл – жеке шекараны сыйлау және қаржылық сауаттылық деп аталады. Қыздар, егер өзіңіз үшін өзіңіз төлей алатын болсаңыз – бұл керемет! Ақыр соңында, бәріміз теңбіз ғой, солай емес пе?”, – деп жазды ол.
Ер адамның бұл әрекетін желі қолданушыларының бірі сынаса, бірі қолдап отыр.
Қазіргі жас жігіттер үшін ұяламын
"Мен ескі тәрбиенің өкілімін. Қызды кездесуге шақырып, оған ішкен тамағының ақысын төлету мен үшін ұят нәрсе. Қалай айтсаңыз да, бәрібір. Осы әрекетіңмен өзіңді еркекпін деп ойлайсың ба? Қазіргі ұрпақты тек әйелдер тәрбиелеген. Егер ол қызға сенбесең, несіне бір үстелге отырып жүрсің".
"Айтпақшы, ескере жүріңдер. Ббіздің бет күтімі мен косметологқа бару ақысы сендер төлей алмай отырған ресторан шотынан қымбатырақ. Ерлер неге сонша ұсақталып кетті? Ақша таппай ма, әлде әйелдерге кім басшы екенін көрсеткісі келе ме?".
"Әйел кездесуге барса, болашақ серігін іздеп барады. Сонда өзіне бір кешкі астың ақшасын төлей алмайтын еркекпен болашағын қалай елестететді? Ертең отбасы, бала-шаға болғанда да осындай болады деп қорықпай ма? Әйел декретке кетеді, сонда ол өзін қауіпсіз сезіне ала ма? Ол кезде де баланың жөргегін өзі сатып ала ма?".
"Күйеуіммен кездесіп жүргенде ешқашан есепті екіге бөлген емеспіз. Не ол төлейтін, не мен. Көбіне мен төлейтінмін, өйткені оның сол кезде қаржылық жағдайы қиын еді. Қазір 6 жылдан бері бірге өмір сүріп жатырмыз, баламыз бар. Күйеуім жақсы табыс табады. Жалақысын түгелдей отбасына әкеледі. Әрине, бәрі бірдей емес – кейбіреулер тым ұсақ, ішкен суыңды да санап отырады. Бәрі жағдайға және адамға байланысты деп ойлаймын".
"Бұл жігіт қарапайым этикет дегеннің не екенін білмейтін сияқты. Қызбен сөйлескен хабарламаны қарасам қызды кездесуге өзің шақырғансың. Демек есепшотты сен төлеуің керек. Алайда қыз тамағының ақысын өзі төлепті. Онда қызды "тарелочница" деп атап не керек? Қыз сенімен кездесу үшін келді, жай тамақ жеу үшін емес. Жаңа сөзді үйреніп алып, әр жерге тықпалай бересіңдер. Мұндай жағымсыз қарым-қатынасың үшін кез келген қыз бірінші кездесуден кейін-ақ қашып кетеді".
"Қазіргі жастар үшін ұяламын. Бәрі есепқұмар болып кеткен. Араб елінде тұрып жатқаныма бірде-бір рет өкінген емеспін. Мұнда ер адамдар көлікті тегін жөндеп беруге дайын. Ал алғашқы кездесуге мейрамхананың ең қымбатын таңдайды. Дастархан толы ас келеді. Қыздың ақыны бөліп төлеуі олар үшін күлкілі нәрсе".
Қыз да кездесуге қызығушылықпен келсе, неге есепті бөліспеске?
“Қазіргі қарым-қатынас – екі жақтың да тең жауапкершілігін талап етеді. Егер қыз өзіне тапсырыс беріп, өзі ішкен тамағы үшін төлей алмаса, онда бұл – әлсіздік емес, өзгенің есебінен өмір сүргісі келетін әдеттің көрінісі. Кездесу – танысу мен ортақ құндылықтар анықталатын сәт. Бір кешкі асты төлемегені үшін ер адамды кінәлау – әділетсіздік”.
“Бүгінгі заман жігіттері бұрынғыдай емес – саналы, қаржылық сауаты бар, өзін және өз еңбегін бағалай алатын азаматтар. Кездесуге шақырдың екен деп, бірден есеп төлеуге міндеттіміз деу – ескірген түсінік. Егер қыз өзі де қызығушылықпен келген болса, неге есепті бөліспеске? Бұл әлсіздік емес, шынайы қарым-қатынас орнатуға деген талпыныс. Қызға – құрмет, бірақ өзіңе де – сыйластық керек”.
“Кеше қызбен кездесуде болдым. Мен көлікпен жүрдім, ол — жаяу. Кездесуге үйінен өзім алып кеттім. Тамақтанатын орынды өзі ұсынды. Кездесуде ол есепшот жайлы әңгіме қозғап, ер адамдар бәрін өздері төлеуі керек деді. Ал мен бұл туралы ештеңе деген жоқпын. Кеш соңында өзі есептесті. Кейін оны үйіне дейін жеткізіп салдым. Бүгін оған: "біздің жолымыз екі басқа" дедім. Ол маған: "Тамаққа 10 мың шықты, соның 50 пайызын төле" деді. Мен: "Онда маған такси мен бензин үшін ақша төле. Менікі жай такси емес, комфорт+" дедім. Содан кейін үндемей қалды”.
“Жалпы, тек тамақ ішіп кетуді көздейтін адамдармен кездеспеңіздер. Бірден құндылықтарыңыздың әртүрлі екені көрініп тұр. Ондай жағдайда бас қатырып не керек?”.
“Шотты бөліп төлеуді ұсынды”
Тағы бір қыз жігітпен кездесу кезінде болған жағдайды Threads әлеуметтік желідегі парақшасында баяндады. Ол мейрамханаға кездесуге келген жігіттің тамақ ақысын бірге төлеуді ұсынғанын жеткізді.
"Ұзақ уақыттан бері алғаш рет кездесуге бардым. Кездесуге шақырған ер адам: "Кез келген жерді таңда" деді. Мен кездесу орнын таңдап, бардым. Ол "Не қаласаң, соған тапсырыс бер" деп айтты. Тек хинкали алдым. Ол "салат алсаңшы" деді де, өзі түрлі тіскебасарлар мен тағамдарға тапсырыс берді. Сосын ішуді ұсынды. Мен бір бокал шарап (3 000 теңге), ол бірден 6 000 теңгеге сыра алды. Әңгімелесіп отырғанда даяшыны шақырып, қайта-қайта ішімдік алғызды. Бір сәтте "Арақ алайық" деді. Мен арақ ішпейтінімді айтып, ақыры виски алдық. 70 грамдай виски іштім. Ал ол тоқтаусыз іше берді", – дейді қыз.
Қыздың айтуынша, кенеттен кездесу күтпеген ұсынысқа ұласқан.
"Бір уақытта ол жалдамалы пәтерге барайық деді. Бірден бас тарттым. Бірақ ол жарты сағаттай неге келіспей отырғанымды түсінбей әлек болды. Ақыры: "даяшыны шақырып, есепшотты бөліп төлейік деді. "Жарайды" дедім. Шот келді — 82 500 теңге. Ол маған: "40 мыңын төлей салшы, қалған 2 500 теңгесін мен қосамын" дейді. Басында қалжыңдап тұрған шығар деп ойладым. Бірақ шынымен айтып отыр екен. Ішім күйіп, ашуға булығып, онда не үшін көп тапсырыс бергенін сұрадым. Енді келіп неге мен төлеуім керегін айттым. Ол "Сен менімен пәтерге бармадың ғой" деп қарап отыр. 30 минуттай сөз таластырып, жылап қалдым. Мұндай жағдайды тек әлеуметтік желіден оқуға болатын шығар деп ойлаппын. Ақырында 20 000 теңге аударып, қайда барарымды білмей, шығып кеттім", – дейді қыз.
Қыз теріс пиғылды адамды өмірінде бірінші рет кездестіргенін айтты. Оның үстіне ақша болмаса кездесуге шақырмауды сұрады.
Аталған жағдай желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, көбі басынан өткізген осыған ұқсас жағдайларды баяндап берді.
“Мен де дәл осындай жағдайға тап болдым. Tinder арқылы таныстық. Телефонмен сөйлескенде бірқалыпты, жақсы жігіт сияқты көрінді. Кездесетін орынды өзі таңдады. Ал мен мүлде басқа жерге барғым келген. Кездескенде түрі ішімдікке жақын секілді көрінді. Отырған бойда "ішеміз бе?" деп ұсыныс жасады, мен бас тарттым. Ол өзіне 400 мл вискиге тапсырыс берді. Маған ұнамай, кетіп қалғым келді. Бірақ ыңғайсызданып отыра бердім. Кеш соңында: "Бір-бірімізге ұнамаған сияқтымыз, шотты бөліп төлейік" деді. "Біз ондайға келіскен жоқпыз ғой" десем, ол "біз мүлде ештеңеге келіскен жоқпыз" деді.
Даяшы келгенде жігіттің төлейтінін айттым. Ол төлеп, сыртқа шықтық. Өзіме такси шақырдым. Сонда ол: "Айқай шығарасың ба деп қорықтым. Тек тамақ ішуге келген сияқтысың" деді. Мен әлемнің түкпір-түкпірін аралап, түрлі мейрамханаларда тамақ ішіп жүргенімді айттым. Сосын оған сараң екенін жеткізіп, кетіп қалдым", – дейді тағы бір желі қолданушысы.
“Менің әріптесім де осындай кездесуде болған. Ол өзіне тағам, салат және жеміс шайына тапсырыс беріп, әркім өзіне төлейтінін ескерткен. Жігіт ренжіп, бірден "Онда не үшін сонша тапсырыс бердім?! Қандай қызсың, мені пайдаланып кеткің келе ме?" деп айтыпты. Әріптесім оған: “қайдағы пайдалану? Мен өзім жеген асқа, сен өзіңдікіне төлейсің” деген. Қыз тамақты толық тауыспай-ақ есептесіп, құрбысына хабарласып, оны досымен бірге шақырған. Себебі жігіт әріптесімнің соңына түсіп, қалмай қойған”, – дейді тағы бірі.
“Магистратурада оқып жүргенде, Ой-Қарағайға бірге оқитын жігітпен бардым. Арнайы тур ұйымдастырылған еді. Ол жерде бір ғана қымбат мейрамхана болды. Жанымдағы жігіт екеуіміз бір-бірден ыстық тағамға тапсырыс беріп, ортақ 1 литр лимонад алдық. Лимонадтың дәмін жігіттің өзі таңдады. Бір ұрттағаннан кейін оған ұнамай қалды. Ал маған дәмі ұнады. Бірақ жарты литрдей ғана іштім. Тамақтанып болған соң, жігіт тамақтың ақшасын үстелге қалдырып, "Лимонадты сен төлейсің. Өзің іштің ғой" деп, кетіп қалды. Содан кейін кеш бойы маңайыма мүлде жоламады”, – дейді енді бірі.
“5 жылдан бері алғаш рет кездесуге бардым. Ерте барып, өзіме кофе мен тортқа тапсырыс беріп, бірден төлеп отыра бердім. Жігіт келіп, өзіне су алды да, кофеме қарап отырды. Есепті көргенде көңіл-күйі көтеріліп, келесі кездесуге шақырды. Бірақ бірден бас тарттым. Себебі жігіт кездесудің алғашқы 10 минутында-ақ ұнамай қалған”, – дейді тағы бір қыз.
“Маған америкалық досым АҚШ-тағы ер мен әйелдің қарым-қатынасы туралы айтып беретін. Ол Америкада шотты бөліп төлеу, гүл мен сыйлық тарту етпеу, еркін қарым-қатынас деген нәрселердің қалыпты жағдай екенін айтатын. Ол маған осыларды айтып, менімен сондай қарым-қатынас құрғысы келген еді. Ал мен оған, АҚШ ұнап тұрса, сол жерде өмір сүруі керегін айттым. Неліктен 20 жылдан бері Азия елдерінде жүргенін, неліктен жергілікті қыздардың сұлулығына, нәзіктігіне тамсанып, соларға Батыстың ережесін таңуға тырысатынын сұрадым”, – дейді бірі.
"Менің басымнан осындай жағдай өтті. Кафеде отырсам, жаныма бір жігіт келіп, танысып, тағамға тапсырыс берді. Соңында жалдамалы пәтерге шақырды. Бірден бас тарттым. Ол ашуланып, "20 мың теңгені қайтар" деп талап етті. Ақшасын аударып жібердім. Ол да кіммен танысып, кімге жолыққанын түсінген болар", – дейді тағы бір желі қолданушысы.
“Шотты бөліп төлеуді ескертемін”
"Жігітпен кездесуге барғанда даяшыға шоттың бөлек есептелетінін ескертемін. Себебі бұрын бірден қымбат ішімдікке тапсырыс беріп, артынан үйіне шақыратын жігіттерге тап болғанмын. Олар тамақтанып, ішімдік ішіп болған соң ақысын маған төлеткісі келеді. Басында-ақ әркім өзі үшін төлейтінін нақтылап айтсаң, жағдай түсінікті болады. Әйтпесе, соңы ұят жағдаймен аяқталуы мүмкін. Егер кездесу соңында жігіт шотты өзі төлегісі келсе қарсылық жоқ. Бастысы — өзіңмен бірге ақша алып жүруді ұмытпа. Тамаққа келгенде де артық тапсырыс бермеуге тырыс. Сонда ғана қиын жағдайға ұрынбайсың", - дейді желі қолданушысы.
"Жігіт арақ ішейік дегенде оның "red flag" екені түсінікті еді ғой. Бірінші кездесуде арақ ішу деген сұмдық қой", – деді бірі жағдайды сынға алып.
Енді бірі қиын жағдайға тап болған қызды сынап жатқандарға кері жауап берді.
"Мені пікірлер таңғалдырып отыр. Бізде неге үнемі кінәні қыздан іздейді? Іштің бе, кінәлісің. Тамақтандың ба, тағы кінәлісің. Өмір сүріп жүргеніңе де кінәлісің. Мұндай пікірлерді жүрекке жақын қабылдамаңыз. ешкімге тамақ пен ішкен сусын үшін ақы төлеуге тиіс емессіз. Жігіттің жанында отырып ішкеніңізге де кінәлі емессіз", – деп жазды бірі қызды қолдап.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
