Іші пысқаннан біреулер ұрлап кетті деген: Павлодар облысында полиция шақырған жасөспірімнің ата-анасы жауапкершілікке тартылды
Павлодар облысында жасөспірім іші пысқаннан өзін ұрлап, ұрып-соғып жатқанын айтып, полицияға жалған ақпаратпен хабарласқан. 13 жасар ұлдың ата-анасына айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
2025 жылдың 5 қаңтарында облыстық полиция департаментіне ұлдың әпкесі хабарласқан.
"102 арнасына қыз қоңырау шалып, бірнеше минут бұрын 13 жасар інісінің хабарласып, белгісіз біреулердің қара джиппен келіп, ұрып-соғып жатқанын айтқан. Әпкесі қайта қоңырау шалғанында оның телефоны өшіп тұрған. Туыстарының айтуынша, жасөспірім сол күні жаттығуға баруы керек болған. Полиция қызметкерлері жасөспірімге қауіп төніп тұрғанын түсініп, дереу Атамекен кентіне шықты", – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары қажетті іздестіру іс-шараларын өткізіп, туыстарынан, көршілерінен және кент тұрғындарынан сұрастырады.
"Біраз уақыттан кейін кәмелетке толмаған бала күлімсіреп, үйде не болып жатқанын түсінбей аулаға кіргенде полиция мен ата-анасы таңғалды. Жасөспірім іші пысқаннан ата-анасы мен әпкесіне еркелеп алдаған”, – деді Павлодар облысының полиция департаменті.
Арнаулы қызметтерді көрінеу жалған шақыру фактісі бойынша жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Енді ата-анасы 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл төлейді. Полиция мен шұғыл қызметтер нақты қауіп-қатерлерге қол жетімді болуы керек. Ал жалған қоңыраулар қызметтердің жұмысын қиындатып, қауіпті жағдайларда адамдарды құтқаруға кедергі келтіруі мүмкін", – деп қосты ведомство.