"Ішек-қарын тазалауды онлайн үйретемін": Маңғыстауда ауыл тұрғындары интернеттің игілігін қалай пайдалануда
Елімізде ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті жою мақсатында елді мекендерде сапалы желі орнатылуда. Мәселен, Маңғыстау облысының Құланды ауылы – осындай игі бастаманың шарапатын көріп отырған өңірлердің бірі. Бүгінде ауылдықтар соның арқасында блог жүргізіп, тіпті ішек-қарын тазалауды онлайн үйретіп жүрген жайы бар. Өркениеттің бұл игілігін барынша пайдаланып жүрген ауылдықтардың өмірі қалай өзгергенін Stan.kz тілшісі біліп қайтты.

“Интернет арқылы табыс тауып отырмын”
Құланды ауылына тура бір жыл бұрын келін болып түскен 20 жастағы Ақдидар Құрмантай әлеуметтік желіде блог жүргізеді. Мұндағы интернеттің жылдамдығы қаладағыдан кем емес деген блогер келіннің қазірде 27 мыңнан астам оқырманы бар көрінеді. Бүгінде ол қалаған уақытында әлеуметтік желідегі аудиториясымен тілдесе аламын дейді. Өз блогын ауыл тіршілігі жөнінде бастаған Ақдидар оқырмандарына жырақта қандай өмір бар екенін көрсеткісі келеді. Бұдан бөлек, жас болса да кәсіби тігінші. Осы уақытқа дейін еңбектеніп ашқан өзінің тігін цехі бар.

“Тұрмысқа шықпас бұрын ауыл тіршілігін, түйе шаруашылығындағы қызықтарды бөлісіп отыратынмын. Енді келін болған соң оның бәріне уақыт табыла бермейді. Дегенмен оқырмандарыма қызықты контент жасауға барынша тырысып жүрмін. Бір жағынан кәсіби тігінші болғандықтан, блогымды осы салаға бұрдым. Тіккен киімдерді желіге жүктеп, тапсырыс қабылдаймын. Одан бөлек онлайн шеберлік сағаттарын өткізіп тұрамын. Үйде отырып табыс табуға интернет желісінің көмегі зор”, - дейді Ақдидар Құрмантай.

Интернет арқылы ауыл тіршілігін көрсетіп таныссыз танылған Ақдидар бәріне де үлгереді. Үй шаруасын дөңгелетіп, кәсібін де жүргізіп жаңа отбасына аяулы келін болып отыр. Ата-енесі мен жолдасы Ақдидардың әлеуметтік желіде жүргізетін блогына ешқандай қарсылық білдірмеген. Керісінше оны жолдап, сапалы әрі мағыналы блог жүргізуіне жұмыла көмектеседі.
“Интернет желісі алысымды жақындатты”
76 жастағы Құланды ауылының тұрғыны Ақбілек Ұзақбаева кезінде мал шаруашылығымен айналысып, көшпелі өмір салтын ұстанған. Уақыттың өтуімен осы ауылда қоныстап қалған сыңайлы. Өткен ғасырды да басынан өткізген кейуана ол заманда ағайын-туыстан хабар алу қиынның қиыны еді дейді. Он құрсақ көтерген әжей заманның талабына ілесуге талпынып жүргенін айтады. Бес қызы өзі тұрақтаған ауылдан алысқа тұрмысқа шыққан. Бүгінде әр үйдің түтінін түтетіп отырған қыздарыммен интернет арқылы сөйлесіп тұрамын дейді ол. Жырақтағы балаларын видеоқоңыраумен көріп, интернеттің арқасында сағынышын басатынын айтады.

“Көшпелі мал шаруашылығымен айналысып жүргенде алыс-жақын жекжаттарымыздың қайда екенін біле алмайтынбыз. Қазір міне жаңалықтың бәрін телефоннан білетін болдық. Той болса да шақыру билеті интернет арқылы лезде жете қояды. Өмірден өткен адамдардың ас-садақалары жөнінде де интернет арқылы біліп отырамыз. Бұрынғыдай айшылық алыс жерлерге хабаршы жіберіп отырмайтын болды. Ауылымызға жүргізілген интернет желісі алысымды жақындатып берді. Жырақтағы бес қызымды телефонмен көріп, амандығын біліп, марқайып отырамын”, - дейді Құланды ауылының тұрғыны Ақбілек Ұзақбаева.
Ұлдарынан 10 немере, қыздарынан 17 жиен немере сүйіп, ауыл тіршілігіне де елеулі үлес қосқан кейуана жуырда «Құланды ауылының 40 жылдығына арналған» медаль иесі атанды.
“Ішек пен қарын тазалауды үйретемін”
Үшінші кейіпкеріміз – Мөлдір Мұрынова осыдан бір жыл бұрын үйіне интернет желісі орнатылған күннен бері уақытын тиімді пайдалануға дағдыланып келеді. Өйткені интернет жоқ кезде үй шаруасы мен бала тәрбиесінен де бөлек жұмыстарына үлгермей жүрген. Бұрын поштаға барып төлейтін коммуналдық қызметтерді енді ешқайда шықпай-ақ, бір-ақ батырмамен төлеп басқа ісімен айналыса береді. Мемлекеттік қызметтерді де жылы төсегінде жатып-ақ қолданып отыр. Өзім балаларға білім беретін мұғалім болғандықтан интернет ауадай қажет дейді ол. Себебі балалардың үлгерімі интернет арқылы жүйеге енгізіледі. Оның айтуынша интернет желісі жүргізілместен бұрын басшылар қоятын талапты орындау оңай болмапты. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста отырған ана желінің жылдамдығының арқасында өзінің сүйікті хоббиімен айналысады. Ол әлеуметтік желілердегі парақшасында ішек пен қарынды қалай тазалауды үйретіп жүр.

“Ауылда бұрын мұндай интернет болмаған. Ұялы телефондағы интернетпен ақпарат алу да қиын еді. Үйімізге осы желіні қостырғанымызға бір жылдай болды. Рахатын көріп отырмыз. Көп шаруамызды интернеттің арқасында үйде отырып бітіріп отырмыз. Қазір міне бос уақыт тауып, өз хоббиімді басқаларға да үйретіп жүрмін. Заманның ағынына қарай, малды көбі базарда сойдырып алады да, ішек пен қарын тазалауды білмей жататын жас келіндер бар. Оны тазалаудың тиімді әрі оңай әдістерін көрсетіп, әлеуметтік желіде бөлісіп жүрмін”, - дейді Мөлдір Мұрынова.
Мөлдір қалаған нәрсені ақшаға сатып алатын заманда жастардың ішек пен қарынды тазалай алмайтынын байқаған. Үйде бос отырғанша, пайдалы іспен айналысқысы келген ол әлеуметтік желі арқылы өз хоббиін үйретуге бел буыпты. Әзірше оқырманы көп «жұлдыз» болмаса да, білгенімен бөлісіп жатыр екен.
Айта кетсек, аталмыш ауылды интернетпен Транстелеком компаниясы қамтып отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке мекемелердің серіктестігі бағдарламасы аясында 523 елді мекен мен 25 мыңға жуық абонент байланыспен қамтамасыз етілді.
"Адамды қалай өлтіруге болады деп ашық іздеген": Яна Легкодимованың өлімі бойынша тергеуші істі қалай ашқанын баяндап берді