Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранның экс-президенті Махмуд Ахмадинежад қаза тапты - БАҚ

Фото: ATTA KENARE/AFP via Getty Images

Ирандық БАҚ Израиль мен АҚШ шабуылы салдарынан елдің экс-президенті Махмуд Ахмадинежад қаза тапқанын мәлімдеді. Ол 2005–2013 жылдары Иранды басқарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ILNA басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ирандық ILNA агенттігі Ахмадинежад Тегеранға жасалған АҚШ пен Израиль соққылары кезінде мерт болғанын хабарлаған. Алайда ел басшылығынан оның қазасы туралы ресми мәлімдеме әзірге түскен жоқ.

Ахмадинежад Иранның алтыншы президенті болып, 2005–2013 жылдары қызмет атқарды. Бұл лауазымда оны Хасан Роухани алмастырған.

Ахмадинежад 2017 және 2021 жылдардағы сайлауға қатысуға тырысқанымен, тіркеуге жіберілмеген. 2017 жылы сайлауда Ибрахим Раиси Роуханиге жол берсе, 2021 жылы жеңіске жетіп, төрт жылдық мерзімге президент болған.

Бұрынғы ирандық көшбасшы қатаң риторикасымен танымал еді. Ол 2001 жылы 11 қыркүйектегі АҚШ-тағы терактілерді бірнеше рет "АҚШ-тың терроризмге қарсы соғысын және Ауғанстанға басып кіруін ақтау үшін жасалған жалғандық" деп атаған.

Сонымен қатар ол Израильді әлем картасынан жою қажет деген мәлімдеме жасаған. Холокост фактісін жоққа шығарып, сионистік режимді жемқорлықтың ошағы деп сипаттаған.

2006 жылы Ахмадинежад “Иран ядролық державалар клубына қосылды” деп жариялаған. Сонымен бірге ол ядролық қаруды “адамзатқа қарсы” деп атап, Тегеранға атом бомбасы қажет емес екенін айтқан.

Жағдайдың мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.

Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 01 Наурыз, 2026 18:59