Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранда ұлттық валюта құлдырап, жаппай наразылықтар басталды

Иранда ұлттық валюта құлдырап, жаппай наразылықтар басталдыФото: AP Photo / Vahid Salemi

Иранның ұлттық валютасы риалдың доллармен салыстырғандағы бағамы рекордтық деңгейге дейін төмендеді. Осыған қатысты елде жаппай наразылықтар мен ереуілдер басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

28 желтоқсанда Тегеранның бір аудандарында дүкендер жабылып, иелері риалдың құнсыздануына байланысты жұмысын тоқтатып, көшеге шықты. Келесі күні айырбас бағамы рекордтық минимумға жетіп, бір доллар үшін шамамен 1,45 миллион риал болды. Бұл елдегі жағдайды одан сайын шиеленістіріп, ел астанасы мен басқа да қала тұрғындардың наразылығын өршітті.

“Иран астанасында жергілікті валюта рекордтық деңгейге дейін құлдырап, елде наразылықтар басталды. Бұл азық-түлік бағасының өсуіне әкеліп, санкцияларға ұшыраған елдегі экономикалық дағдарысты күшейтті. Ереуілдер жексенбі күні риалдың реттелмеген нарықта бір доллар үшін 1,45 миллионға дейін құлдырап, кейін қалпына келіп, дүйсенбі күндіз шамамен 1,38 миллионға жеткеннен кейін өршіді”, – деп жазды баслымы. 

Наразылыққа шыққандар билікті бағаның өсуі мен валютаның құнсыздануын тоқтата алмады деп айыптап отыр. Осы жағдайға байланысты Иран Орталық банкінің басшысы отставкаға кетті. Оның орнына бұрынғы экономика және қаржы министрі Абдолнасер Хеммати тағайындалды.

Басылым экономикалық дағдарыстың күшеюін Иранға қатысты қолданыстағы санкциялармен байланыстырады, бұл әсіресе мұнай экспортынан түсетін мемлекеттік кірістерді азайтады. 

Израильдің маусым айында Иранның ядролық нысандарына жасаған әуе соққыларынан кейін санкцияларды жеңілдетумен алмастыру мақсатында Тегеран мен Вашингтон арасындағы ядролық бағдарламаны шектеу туралы келіссөздер тоқтатылды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 30 Желтоқсан, 2025 11:40