Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранда наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздік пен тонауға ұласты (видео)

Фото: Видеодан скрин

Иранда экономикалық жағдайға байланысты басталған наразылық біртіндеп тәртіпсіздіктер мен тонаушылыққа ұласып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tasnim басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Иран халқы 2 қаңтар күні кешке Солтүстік Хорасан провинциясының орталығы Боджнурд қаласында наразылық акциясын өткізді.

“2 қаңтар күні кешке бір топ Иран азаматтары риал бағамының құбылуына байланысты елдің солтүстік-шығысындағы Солтүстік Хорасан провинциясының орталығы Боджнурд қаласында наразылық акциясын өткізді. Кейбір аудандарда наразылық білдірушілер экономикалық талаптардан бас тартып, тәртіпсіздік ұйымдастырды”, – делінген хабарламада.

Басылым мәліметінше, тәртіпсіздікке қатысқандар саны 100 адамнан аспаған. Олар жол қозғалысын бөгеп, көліктердің жүруіне кедергі келтірген.

Tasnim дерегіне сүйенсек, елдің батысындағы Илам провинциясының Сербала қаласында қарулы топтар көшеге шыққан. Желіде жарияланған видеоларда “Хаменеиге өлім!” деген ұранмен автоматтан оқ атылғанын көруге болады. 

Ал Fars басылымы 2 қаңтар күні таңнан бері бейбіт сипаттағы акциялардың азайып, наразылықтардың ашық саяси сипатқа ие бола бастағанын хабарлады. Қатысушылар полициямен қақтығысып, үкіметке қарсы шығып, монархияны қолдайтын ұрандарды жиі айта бастаған.

Агенттік мәліметінше, тәртіпсіздікті суық немесе атыс қаруымен, Молотов коктейльдерімен қаруланған шағын топтар ұйымдастырған. Олар әкімшілік және қоғамдық ғимараттарға, соның ішінде мешіттерге шабуыл жасаған.

Мұндай жағдайлар елдің солтүстігінде, Тегеран қаласында және Кереджде тіркелген. Кереджде наразылық білдірушілер Иран туын өртеп, "Диктаторға өлім!" деген ұранмен өтіп бара жатқан адамдарды таспен атқан.

Осыдан кейін Иран Орталық банкінің басшысы Мохаммад Фарзин отставкаға кетті. Президенттің 31 желтоқсандағы жарлығымен бұл қызметке Абдольнасер Хеммати тағайындалды.

Қазір Иранда инфляция деңгейі өте жоғары. Риалдың құны тез әлсіреп барады. Соңғы бірнеше айда ол доллармен салыстырғанда бірнеше рет антирекорд жаңартты. АҚШ 2018 жылдың мамырында ядролық келісімнен шыққанға дейін доллардың бейресми бағамы шамамен 50 мың риал болған. Ал қазір еркін нарықта 1 доллар 1,4 миллион риалға дейін түсіп кеткен.

Еске салсақ, Иранда ұлттық валюта құлдырап, жаппай наразылықтар басталғаны айтылды.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 03 Қаңтар, 2026 08:45