Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранда көмір шахтасында жойқын жарылыс болып, 50 адам қаза тапты

Иранның Табас қаласындағы көмір шахтасында метанның ағуынан жойқын жарылыс болды. Оқиға орнында 50 адам қаза тауып, тағы 20 адам жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аljazeera.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: apnews.com

Шахта туннельдерінде әлі 24 адам қалып қойған. Ал қазір тек 28 ирандық өз бетімен қашып үлгерді, олар ауруханаға жатқызылды. Табас көмір кеніші ел астанасы Тегераннан 540 шақырым жерде орналасқан. 

Мәліметтерге сенсек, Иран президенті Масуд Пезешкиан шахтада қалған кеншілерді құтқару және олардың отбасыларына көмек беру үшін бар күш-жігерді салуды бұйырды. Ел басшысы жағдайға қатысты тергеу басталғанын айтты.

Бұл Иранның тау-кен өнеркәсібінде болған алғашқы апат емес. 2013 жылы осындай екі оқиға болып, 11 жұмысшы қаза тапты. 2009 жылы бірнеше оқиға болып, 20 жұмысшы қайтыс болды. 2017 жылы көмір шахтасында жарылыс болып, кем дегенде 42 адам көз жұмды.

Айта кетейік, тау-кен аймақтарында қауіпсіздік стандарттарының жеткіліксіздігінен жарылыс болған.



Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында шахтада жұмысшы опырылған кен астында қалып, қаза тапқанын жаздық. 32 жастағы марқұмның денесін кеніштен әріптестері шығарып алған. Қазір оқиға орнында еңбек инспекторлары тергеу жүргізіп жатыр.

Талқылау