Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран ядролық бағдарламаға қатысты "еуроүштікпен" келіссөз жүргізуге келісті

Iran Эсмаил Багаи

Фото: Аrmenpress.am

Иран, Ұлыбритания, Франция және Германия 25 шілде күні Ыстамбұлда Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер өткізеді. Бұған дейін үш еуропалық мемлекет Тегеранға келіссөздерді қайта бастамаса, Иранға қарсы халықаралық санкциялар қайта енгізілетінін ескерткен еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Бағаидың айтуынша, Иран, Ұлыбритания, Франция және Германия арасындағы кездесу сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде өтеді.

Бұған дейін Ұлыбритания, Франция, Германияның сыртқы істер министрлері және Еуропалық одақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен телефон арқылы сөйлескен.

2015 жылы жасалған ядролық келісімнің қалған қатысушылары – үш еуропалық ел, яғни, Ұлыбритания, Франция, Германия, сондай-ақ Қытай мен Ресей. Бұл келісімге сәйкес, Иран өз ядролық бағдарламасына шектеулер енгізу есебінен, оған салынған санкциялардан босатылған еді. Алайда АҚШ 2018 жылы бұл құрамнан шығып кетті.

Еуроүштік егер Иран мен АҚШ арасындағы, Израиль мен Иран арасындағы әуе соғысына дейін жүргізілген ядролық келіссөздер қайта жанданбаса немесе айтарлықтай нәтиже бермесе, онда БҰҰ санкцияларын “қайтару механизмі” арқылы тамыз айының соңына дейін қайта енгізетінін мәлімдеді.

“Егер ЕО немесе еуроүштік өз рөлін атқарғысы келсе, олар жауапкершілікпен әрекет етіп, қоқан-лоқы мен қысым көрсету саясатынан, оның ішінде “қайтарымды шаралардан” бас тартуы керек. Өйткені бұл әрекеттердің ешқандай моральдық та, заңдық та негізі жоқ", – деп жауап берді Аракчи.

Израиль мен Иран арасындағы соғыс басталғанға дейін Тегеран мен Вашингтон Оманның делдалдығымен бес раундтық ядролық келіссөз жүргізген еді. Алайда олар бірқатар кедергілерге тап болды. Соның бірі – Ирандағы уранды байыту ісі. Батыс державалары бұл процесті мүлде тоқтатуды талап етіп отыр, себебі бұл Иранның ядролық қару жасап шығару қаупін мейлінше азайтуға бағытталған.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 21 Шілде, 2025 09:23
Талқылау