Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран мен Израильдің толассыз шабуылдары, Грузиядағы наразылық, Дубайдағы су тасқыны: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Осы аптаның басында Иран Сириядағы өз консулдығының жойылуына жауап ретінде Израильге пилотсыз және балистикалық зымырандармен шабуыл жасады. Бұл шабуыл әлемдегі саяси аренаның тұрақсыздығын арттырды. Ал Грузияда халық “шетелдік агенттер” туралы парламентте қабылдаған заңға қарсы наразылыққа шығып, өз позицияларын білдірді. Осы апта табиғи апаттар да көп болды. Қатты нөсерден Дубай мен бірқатар әмірлікті су басты. Сонымен қатар Түркияда аспалы жол үзіліп кетіп, бір адам көз жұмды. Stan.kz тілшісі әлем жаңалықтарына апталық шолу ұсынады. 

Иран Израильге пилотсыз ұшақтармен шабуылдады

Фото: Reuters

Осы аптаның басында Тhe Times of Israel басылымы бастапқыда оншақты зымыранның атылғанын хабарлаған, артынша шабуылдың бірнеше толқыны болғанын мәлімдеді. 

Алдын ала ақпарат бойынша Иран Израильге 185 дрон, 36 қанатты зымыран және 110 "жер” зымыранын атқан.

Жарылыстар Иерусалимде естілді. Израильдің оңтүстігі мен солтүстігінде, Шомрон аймағында, сондай-ақ Өлі теңіз үстінде әуе шабуылының дабылдары іске қосылды.

Иранның Израильге шабуылын Хуситтер мен Хизболла тобы қолдады. Йеменнен бірнеше пилотсыз ұшақтар ұшырылса, Хезболла тобы Израильдің бақылауындағы Голан төбелеріне ондаған зымыран атқан. Зымырандардың басым көпшлігі Иран, Ирак, Ливан, Сирия және Йемен аумағынан ұшырылғаны айтылды.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху халыққа үндеуінде елдің Иранның шабуылына дайын екенін айтып, шабуылға жауап беруге уәде берді.

Соққылардың артынан Иран операцияның тоқтағанын мәлімдеді. 
Иран сыртқы істер министрлігінің сөзінше, бұл шабуыл Дамасктегі Иран консулдығына жасалған соққыға қарсы әрекет болған. 

Иран әуежайы атқыланды

Фото: AP/Vahid Salemi

Америкалық шенеунік Израильдің Ирандағы нысанға зымырандық шабуыл жасағанын хабарлады.

"АҚШ шенеунігі ABC арнасына Израиль зымырандарының Ирандағы нысанаға тигенін растады", – делінген хабарламада.

Осы ретте Иранның Fars ақпарат агенттігі Иранның Исфахан қаласындағы әуежай маңында жарылыстардың естілгенін, бірақ оның себебі әлі анықталмағанын хабарлады.

"Бұл дыбыстардың шығу себебі әлі анықталған жоқ. Оқиғаның нақты мәліметтері анықталғанша тергеу жалғасады", – делінген хабарламада.

Артынша Иран телеарнасы Исфахан әуежайы аймағындағы жарылыстар болғанын, қазір әуе шабуылына тойтарыс беріліп жатқанын мәлім етті. Иран әуежайлары мен аэронавигация компаниясының бас директоры Исфахан, Шираз және Тегеранда әуе қатынасы тоқтатылғаны белгілі болды.

"Ресейдің тұрақсыздандыру стратегиясы”: Грузиядағы наразылық акциялары

Фото: Reuters

Грузияда парламенттің бірінші тыңдалымында “шетелдік агенттер" туралы заң жобасын қабылдауына қарсы жаппай наразылық акциялары басталды. Наразылық барысында 11 адам ұсталған.

Грузияның ішкі істер министрлігі шерушілер тәртіп сақшыларына тас пен бөтелке лақтырған деп түсіндірді. Екі департамент қызметкері зардап шекті, министрлікке тиесілі көлік зақымданды. Шерушілерге қарсы көз жасаурататын газ қолданылды.

15 сәуірде заң жобасын Грузия парламентінің тиісті комитеті қолдады. Наразылық акциясын ұйымдастырушылар билік өз әрекеттерінен бас тартпайынша наразылық шеруінің жалғасатынын айтты.

Шерушілерді Грузия президенті Саломе Зурабишвили қолдады.
Ол Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишель мен Франция президенті Эммануэль Макронға Грузиядағы жағдайды Еуропалық кеңес отырысында қарастыруды өтінген.
Зурабишвили биліктегі "Грузин арманы" партиясының наразылықтарға қарамастан заң жобасын қабылдау әрекетін "Ресейдің тұрақсыздандыру стратегиясы" деп атады.

Сейсенбі күні Еуропалық кеңестің басшысы Чарльз Мишель “шетелдік агенттер” туралы заң жобасын қабылдау Грузияның Еуропалық Одаққа қосылуын қиындатуы мүмкін деп есептейтінін айтты.

"Грузия халқы еуропалық жолды таңдады, оған жауап ретінде өткен жылдың желтоқсанында Еуропалық кеңес Грузияға кандидат мәртебесін берді. "Шетелдік агенттер” туралы заң жобасы Грузияның ЕО-ға кіруге деген ұмтылысына және траекториясына сәйкес келмейді. Заң Грузияның ЕО-ға кіруін қиындатады”, – деп жазды Мишель.

Бұл биліктегі "Грузин арманы" партиясының “Шетелдік агенттер” туралы заң жобасын парламент арқылы екінші рет қабылдау әрекеті. Заң жобасына сәйкес, қызметі 20% және одан да көп мөлшерде шетелден қаржыландырылатын ұйымдар "шетел агенті" ретінде ресми тіркелуге міндетті.

Украина президенті мобилизацияға қатысты заңға қол қойды

Фото: AP/Mindaugas Kulbis

Украина президенті Владимир Зеленский мобилизация туралы заңға қол қойды. Заң бір айдан кейін, 2024 жылдың 16 мамырында күшіне енеді.

Заң әскерге шақыру қызметінің орнына бейбіт уақытта бес ай, соғыс уақытында үш ай мерзімге негізгі әскери қызмет түрін енгізеді. Құжатта сондай-ақ құрама қару-жарақтың базалық даярлығын енгізу қарастырылған. 2025 жылдан бастап базалық даярлық ЖОО-да пән ретінде оқытылатын болады.

Шетелде тұрақты тұратын украиндықтар 60 күн ішінде Украинада әскери қызметке тіркелуі керек. Шартты түрде сотталғандар, Украинаның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасағандарды қоспағанда, әскери қызметке шақырылмақ.

Мобилизациядан жалтарғандардың құқықтары шектелмек. Атап айтқанда, олар жүргізуші куәлігінен айырылып, мемлекетке үлкен көлемде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Ердоған ХАМАС көшбасыларының бірімен кездесетінін мәлімдеді

Фото: Түркия президентінің баспасөз қызметі

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған осы аптаның соңында Ыстамбұлда ХАМАС саяси бюросының басшысы Исмаил Ханиямен келіссөздер өткізуді жоспарлап отыр.

"Осы демалыста мен Палестина ісі бойынша жұмыс істеп жатқан қозғалыстың жетекшісін қабылдаймын. Біз бірқатар мәселелерді талқылаймыз", – деді Ердоған Түркия парламентінде сөйлеген сөзінде.

Келіссөздер сенбі, 20 сәуірде өтеді.

Өткен аптада Газа секторында Израиль әуе күштерінің шабуылынан Ханиянің үш ұлы мен бірнеше немересі қаза тапты. Бұдан кейін Түркия үкіметі ХАМАС саяси бюросының басшысына туыстарының қазасына байланысты көңіл айтты.

Дубайды су басты

Фото: EPA/Ali Haider

15 сәуір күні кешке Дубайда қатты жаңбыр жауды. Ертесі күні кешке қарай әмірліктегі жауын-шашын мөлшері 142 миллиметрге жеткен. Бұл елдегі жауын-шашынның орташа жылдық көрсеткіші. Әмірліктерде жауын салдарынан су тасқыны болып, Шарджа мен Дубайдағы көптеген ғимараттар, виллалар мен таунхаустар жарықсыз қалды.

Әлемдегі ең ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының бірі - Dubai Mall-ға келушілер су тасқыны салдарынан ғимаратта қалып қойған. Апаттың ауырлығына байланысты Дубай халықаралық әуежайы ауа райы жақсарғанша рейстерді уақытша тоқтатқанын хабарлады. 

Фото: Reuters

Табиғат апат салдарынан бір адам қаза тапты.

Ел билігі барлық оқу орындарын жауып, мемлекеттік қызметкерлерді қашықтан жұмысқа ауыстырды. Жергілікті тұрғындарға үйлерінде қалуға кеңес берілді.

Толассыз жаңбыр Бахрейн, Катар және Сауд Арабиясында да болды. Оманда соңғы күндері толассыз жауған жаңбырдан 18 адам қаза тапты.

Түркияда аспалы жол құлады

Фото: Ашық дереккөздерден алынды

Түркияның Анталия қаласында аспалы жолдың кабинасы құлап кетті. Апат салдарынан бір адам қаза тапты.

Белгісіз себептермен Түнектепе аспалы жолының бір тірегі құлап кеткен. Нәтижесінде аспалы жол кабинасы бағанаға соғылып, ішіндегі сегіз адам тау жотасына құлады. 

Салдарынан бір адам қаза тауып, қалған жеті адам жарақат алды. Оның ішінде екі бала бар. 

Аспалы жолдың тоқтап қалуына байланысты, көптеген адам кабиналарда қалып қойған. Оларды құтқару жұмыстары үш күн бойы жүргізілді. 

Анталиядағы аспалы жолдың апатына металл конструкциялардың коррозиясы себеп болуы мүмкін. Оның себебін Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч мәлімдеді.

"Сарапшылық комиссия дайындаған алдын ала қорытындыда оқиғаның аспалы вагонның жүк көтергіш тіректерінің түйіскен жеріндегі бекітпелердің коррозиясы салдарынан орын алғаны көрсетілген", – деді ол.

Оның айтуынша, комиссия аспалы жолдың апаттық жоспары немесе эвакуациялау жоспары болмағанын анықтаған. 13 күдіктіні, оның ішінде мекемені пайдаланатын және қызмет көрсететін компания қызметкерлерін қамауға алу туралы санкция берілген.

Түркияда жер сілкінісі

Фото: The Associated Press

18 сәуір күні Түркияның орталығындағы Токат провинциясында магнитудасы 5,6 болатын жер сілкінісі тіркелді. Әзірге жер сілкінісінің салдары туралы мәлімет жоқ.

Жер сілкінісінің ошағы Сұлусарай аймағында, 5 шақырым тереңдікте болған. Жер сілкінісі жергілікті тұрғындар арасында дүрбелең тудырды. Жер сілкінісі көршілес аудандарда, соның ішінде Самсун, Кайсери және Сивас провинцияларында сезілді.

Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая биліктің жер сілкінісі болған аумақты тексеруді бастағанын хабарлады.

Талқылау