Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран Израильмен қақтығыстың ушығуына байланысты АҚШ-пен тікелей келіссөздер жүргізді

иран

Фото: Аббас Аракчи/Reuters/Mohamed Azakir/Стив Виткофф/AP Photo/ Julia Demaree Nikhinson

АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Виткофф пен Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи өткен аптада Израиль Иранға соққылар жасай бастағаннан бері бірнеше рет телефон арқылы сөйлескен. Бұл туралы Reuters агенттігіне хабарлаған үш бірдей дипломат тараптардың дағдарысты дипломатиялық жолмен шешуге тырысып жатқанын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аты-жөндерін атамауды сұраған дипломаттар Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 13 маусымда басталған Израиль шабуылдары тоқтамайынша, Тегеран келіссөздерге қайта оралмайтынын айтқан.

“Келіссөздер барысында АҚШ-тың Иранға мамыр айының соңында ұсынған ұсынысы қысқаша талқыланды. Бұл ұсыныс – уран байыту жұмыстарын Ираннан тыс жерде жүргізетін аймақтық консорциум құруға бағытталған. Алайда Тегеран бұл ұсынысты осы уақытқа дейін қабылдаудан бас тартып келді”, – дейді дипломаттар.

Осы аптада екі тараптың келіссөздері телефон арқылы жүргізілді. Бұған дейін Оман мен Италияда өткен кездесулерде олар тек қысқа пікір алмасумен шектелген. Өйткені келіссөздер көбіне жанама түрде жүріп отырды.

Тегеранға жақын аймақтық дипломаттың айтуынша, Аракчи Виткоффқа "Егер Вашингтон Израильге соғысты тоқтатуға қысым жасаса, Тегеран ядролық мәселеде икемділік танытуы мүмкін" екенін мәлімдеген.

Еуропалық дипломаттың сөзінше, Аракчи Виткоффқа Иран ядролық келіссөздерге қайта оралуға дайын екенін, бірақ егер Израиль бомбалауды жалғастырса, мұның мүмкін болмайтынын айтқан.

Сәуірден бері Иранның көпжылдық ядролық дауына қатысты өткен бес кезеңді жанама келіссөздерден кейін болған қысқаша кездесулерді есептемегенде, Аракчи мен Виткофф бұған дейін тікелей байланыс орнатпаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның өз аумағында уран байытуды тоқтатуды талап етіп жатыр. Ал Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи Тегеранның уран байыту құқығы талқыланбайтынын айтты.

Айым Болатқызы
Жұма, 20 Маусым, 2025 10:47
Талқылау