Израиль Иранға қайта соққы жасады: Трамп Иранды келісімге келуге шақырды
Фото: Видеодан скриншот
Израиль Иранға қайта шабуылдар жасады. Mehrnews агенттігінің хабарлауынша, Тебриз әуежайы аумағына бірнеше соққы жасалған. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды келісім жасауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Мен Иранға келісім жасауға мүмкіндік бердім. Мен оларға қатты айтқанда "жай ғана осыны істеңдер" дедім, бірақ қанша тырысса да, қаншалықты жақындаса да, олар мұны істей алмады. Бұл олар білгеннен, күткеннен немесе айтқаннан әлдеқайда жаман болатынын ескерттім. АҚШ әлемдегі ең сапалы және өлімге әкеп соқтыратын әскери техниканы шығарады. Оның көбі Израильде – одан да көп болады және олар оны қалай қолдану керек екенін біледі", – деп жазды Дональд Трамп Truth әлеуметтік желісінде.
Ол "кейбір ирандық радикалдар батыл сөйледі, бірақ оларды не күтіп тұрғанын білген жоқ" және "қазір олардың бәрі өлім құшты" деп қосты.
"Ал бұл тек басы! Қазірдің өзінде көп шығын болды. Бірақ бұл қанды қырғынды тоқтатуға әлі уақыт бар, өйткені келесі шабуылдар бұдан да қатты болады", – деп жазды Трамп. Ол Иран тарабы тым кеш болмай тұрғанда келісім жасауы керек деп атап өткен.
Иранның Қызыл жарты ай қоғамының ресми өкілі Моджтаба Халеди Иранның Tasnim мемлекеттік ақпарат агенттігіне Израильдің соққылары нәтижесінде Иранның 12 провинциясында кемінде 95 адам жарақат алғанын мәлімдеді.
"Бүгін таңертең болған оқиға кезінде 95 отандасымыз жарақат алды, олар медициналық орталықтарға жеткізілді, тағы 26 адамға оқиға орнында көмек көрсетілді", – деді Халеди.
Оның айтуынша, Шығыс Әзірбайжан провинциясында ирандық Қызыл жарты ай құтқарушыларының бірі қаза тапқан. Қаср-е Ширин ауданында тағы бір төтенше жағдай қызметкері жараланған.
Бұған дейін Израиль қорғаныс армиясының өкілі бригада генералы Эффи Дефрин Иран соңғы бірнеше сағатта Израильге 100-ден астам ұшқышсыз аппарат ұшырғанын мәлімдеді.
"Әскер оларды атып түсіру үшін жұмыс істеп жатыр", – деп мәлімдеген Times of Israel басылымына әскерилердің бірі. Оның айтуынша, Ираннан ұшырылған дрондар Израильге бірнеше сағатта жетеді.
Айта кетейік, маусымның 13-іне қараған түні Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) "Өрлеп келе жатқан арыстан" деп аталатын ауқымды операция бастады. Операция аясында әскери-әуе күштері әскери нысандар мен Иранның ядролық бағдарламасы нысандарына соққы жасады. Израиль билігі операция еврей мемлекетіне төнген қауіп-қатердің алдын алу мақсатында жасалғанын айтты, өйткені Израиль әскери және барлау қызметкерлерінің мәліметінше, Иранның қысқа уақыт ішінде ядролық қару жасауда "оралу нүктесі жоқ сәтке" жақындаған.
Израиль алдын алу соққысына ұзақ уақыт бойы дайындалғаны белгілі болы. Израиль қорғаныс армиясы (IDF) мен "Моссад" барлау қызметі кең ауқымды барлау базасын құрған, оның ішінде Иранның ядролық бағдарламасы мен әскери инфрақұрылымына жауапты лауазымды өкілдері туралы деректер қамтылған.
Жорық аясында Израиль Иранның зымыран әлеуетіне нұқсан келтіруге бағытталған жасырын диверсиялық операциялар жүргізген. Негізгі мақсат стратегиялық зымырандар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің инфрақұрылымын бейтараптандыру болған.
Israel Hayom басылымы дереккөздерінің хабарлауынша, операциялардың бірінші кезеңінде "Моссад" арнайы бөлімшелері Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері маңында жоғары дәлдіктегі қару жүйелерін орналастырған. Израиль әуе шабуылдары басталғанда бұл жүйелер белсендіру сигналдарын алып, нысаналарға синхронды түрде соққы берген.
Екінші кезеңде Израиль жағы Иранда аумағына ала орналастырылған мобильді соққы платформаларын пайдаланған. Олардың міндеті Израиль авиациясына қауіп төндіретін Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін басып-жаншу болған. Операцияны бастау туралы сигнал берілгенде бұл жүйелер нысаналарды жойып, көктегі басымдықты қамтамасыз еткен.
Үшінші кезеңде шабуылдан бірнеше ай бұрын ұшыруға дайындалған жарылғыш дрондар пайдаланылған. Израиль агенттері ұшқышсыз ұшақтарды Иран аумағына орналастырған. Операцияның белсенді кезеңінде дрондар іске қосылып, Иранның баллистикалық зымыран тасығыштарына соққы жасаған.
Еске салсақ, бұған дейін Израиль Иранға әуеден соққы жасағанын, шабуыл кезінде Иранның генерал-майоры қаза тапқанын жазған едік.