Фото: AP Photo / Vahid Salemi
Иран Тель-Авив республикаға қатысты әрі қарайғы агрессивті әрекеттерінен бас тартса Израильге қарсы соққыларын тоқтатуға дайын. Бұл туралы Иран Ислам Республикасының сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Израильдің шабуылы Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді бұзуға бағытталған. Арагчи АҚШ-тың Тель-Авив әрекеттерін қолдағанына өкініш білдіріп, Тегеран Вашингтонның бұл операцияға қатысы жоқ деген мәлімдемесіне сенбейтінін айтты.
Сонымен қатар, Иран елде ядролық қару болмайтынын ресми түрде кепілдендіретін келісімге қол қоюға дайын екенін жеткізді.
Айта кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жасалған шабуылдан кейін мәлімдеме жасаған. Ол АҚШ-тың аталған шабуылға қатысы жоқ екенін ерекше атап өтіп, егер Иран АҚШ-қа шабуыл жасайтын болса, бұрын-соңды болмаған әскери күшпен жауап беретінін ескертті.
"АҚШ бүгін түнде Иранға жасалған шабуылға еш қатысы жоқ. Бірақ егер Иран бізге қандай да бір түрде шабуыл жасаса, сіздерге АҚШ Қарулы күштерінің бұрын-соңды болмаған қуаты түседі", – деді Трамп.
Сондай-ақ, Трамп өз сөзінде АҚШ Иран мен Израиль арасындағы шиеленісті тоқтату үшін тез арада келіссөз ұйымдастыра алатынына сенім білдірді.
Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Қорғаныс армиясы Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған болатын. Соққы астында Тегеран, Натанз және Фордо қалаларындағы нысандар мен Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) позициялары қалған. Бұған жауап ретінде КСИР "Үшінші әділ уәде" деп аталатын қарсы операция басталғанын жариялады.