Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран Израиль премьері Нетаньяхудың кеңсесіне соққы жасады

Иран Израиль премьері Нетаньяхудың кеңсесіне соққы жасадыФото: AP Photo/Abir Sultan

Иран Израиль премьері Нетаньяхудың кеңсесіне шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ислам революциясы сақшылары корпусы Иранның Израиль премьері Биньямин Нетаньяхудың кеңсесіне соққы жасағанын мәлімдеді. Кеңсеге Иранның 10-шы контршабуылында Kheibar зымырандары арқылы шабуыл жасаған. 

Қазір Нетаньяхудың жағдайы белгісіз, Израильдің ресми өкілдері әлі ақпаратқа қатысты пікір білдірген жоқ.



Сондай-ақ Иран Сауд Арабиясы аумағындағы мұнай өңдеу зауытына соққы жасады. Алдын ала мәліметтер бойынша, Рас-Таннура аймағындағы Saudi Aramco мемлекеттік мұнай компаниясына тиесілі зауыт зақымдалды.

Рас-Таннура – Сауд Арабиясының мұнай инфрақұрылымындағы негізгі нысандардың бірі. Мұнда елдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыты мен Парсы шығанағы жағалауындағы ең маңызды экспорттық терминал орналасқан. Осы жерден Сауд Арабиясының мұнай экспортының елеулі бөлігі, негізінен Азия, Еуропа және АҚШ нарықтарына жөнелтіледі.

Рас-Таннурадағы Saudi Aramco нысандарына жасалған соққы тек Эр-Рияд үшін ғана емес, жаһандық энергетикалық нарық үшін де стратегиялық мәнге ие. Бұл компания әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы, ал оның инфрақұрылымы шикізат жеткізу жүйесінің негізгі элементі саналады. Егер зақымдалған аумақ шын мәнінде ауқымды болса, салдары екіжақты қақтығыс шеңберінен шығып, ең ірі әлемдік энергия тұтынушыларын қамтып, Орта Шығыстағы жағдайды ушықтыруы ықтимал.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды

Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 02 Наурыз, 2026 15:21