Иран бойынша бейбіт келіссөздерді 26 наурызда бастау жоспарлануда

АҚШ және бірқатар делдал елдер – Пәкістан, Египет және Түркия – Иранмен жоғары деңгейдегі бейбіт келіссөз өткізу мүмкіндігін талқылап жатыр. Кездесу 26 наурызға жоспарлануда. Алайда Иран әзірге нақты жауап берген жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі израильдік 12-арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, АҚШ президенті Дональд Трамп соғысты тоқтатуға ниетті. Алайда Иранның Ормуз бұғазын бұғаттауы жағдайды қиындатып отыр. Бұл фактор соғысты тоқтату стратегиясын әзірлеуге кедергі келтіруде.
АҚШ Израильге соғысты тоқтатудың 15 тармақтан тұратын жоспарын ұсынған. Бұл құжат Иранға да жолданған. АҚШ тарапы Тегеран кейбір тармақтармен келіскен болуы мүмкін деп есептейді. Бірақ бұл ақпаратты растайтын нақты дәлелдер жоқ.
"Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Трамп Израильдің мақсаттарына толық сәйкес келмейтін келісімге қол қоюы мүмкін деп алаңдайды. Сонымен қатар, мұндай келісім Иранға айтарлықтай жеңілдіктер беріп, Израиль әскерінің әрекет ету мүмкіндігін шектеуі ықтимал", – деді израильдік дереккөз.
Тағы бір дереккөздің айтуынша, Израильде Иранның АҚШ айтып отырғандай нақты жеңілдіктерге баруына күмәнмен қарайтындар бар.
Жоспардың негізгі тармақтарының бірі – Иранның уран байытуын толық тоқтатуы. АҚШ тарапы Иран бұл талапқа уақытша келісуі мүмкін деп отыр. Алайда оның нақты қанша уақытқа созылатыны белгісіз.
Сонымен бірге Иран билігі ресми келіссөздер басталғанын жоққа шығарады. Бірақ АҚШ тарапынан ұсыныстар мен хабарламалар түскенін растаған.
"АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Иранмен сенімді байланыс арнасын құруға тырысты. Алайда бұл арна қаншалықты тиімді болатынын немесе шын мәнінде жұмыс істейтінін айтуға әлі ерте", – деді америкалық дереккөз.
АҚШ пен Израильдегі ресми тұлғалардың бағалауынша, келіссөздер басталған күннің өзінде соғыс тағы екі-үш аптаға созылуы мүмкін.
Бұған дейін Трамп Иранмен келіссөз басталғанын мәлімдеп, шабуылды 5 күнге тоқтатуды тапсырған еді.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?