Иран билігі жасанды жаңбыр шақыру үшін бұлт егуді бастады
Фото: Reuters
Иран билігі қуаңшылыққа байланысты жасанды жаңбыр шақыру мақсатында бұлттарды егу, яғни реагенттер шашу жұмыстарына кірісті. Бұлттарды егу дегеніміз күміс немесе калий йодиді сияқты реагенттерді ұшақтан немесе жерден бұлттарға енгізу. Бұл су буының конденсациясын жеделдетіп, жауын-шашынның түсуіне ықпал етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Иранның ресми Irna агенттігі сенбі күні бұл процесс тұзды Урмия көлі үстінде жүргізілгенін хабарлады.
Урмия Ирандағы Каспий теңізінен кейінгі ең үлкен көл, бірақ бірнеше жылға созылған қуаңшылық салдарынан оның да көп бөлігі құрғап, тақырға айналған.
Агенттіктің хабарлауынша, бұлттарды егу жұмыстары ары қарай Урмия көлімен шектесетін Батыс және Шығыс Әзербайжан провинцияларында жалғасады (аталған иран провинциялары Әзербайжан Республикасымен шектеседі).
Иран метеорология ұйымының дерегінше, биыл елде көпжылдық орташа көрсеткіштен 89% аз жауын-шашын түскен.
9 миллионнан астам халқы бар ел астанасыТегеранда су қоймалары көлемі 10%-дан төмен деңгейге дейін түскен. Билік су беруге шектеу енгізілуі мүмкін екенін, ал президент Масуд Пезешкиян тіпті халықты эвакуациялау қажет болуы мүмкін екенін айтқан.
Бұлттарды егу әдісі бірнеше онжылдықтан бері белгілі. Су тапшылығымен күресу үшін соңғы жылдары бұл әдіс Біріккен Араб Әмірліктерінде де қолданылған.
Бұл әдісті кейде "бұлтты тарату" деп те атайды, бұл оның басқа мақсаттарда да қолданылатынын көрсетеді. Мысалы, Ресей сияқты кейбір елдерде мерекелер кезінде жаңбыр жаудырмау үшін осы тәсіл қолданылады.
КСРО да 1986 жылы Чернобыль АЭС-тегі апаттан кейін бұлттар еккен. Радиоактивті заттарды сіңірген бұлттардың Мәскеуге және басқа да халық тығыз қоныстанған аймақтарға жаууына жол бермеу үшін осылай істелген. Оның орнына радиоактивті жаңбыр Беларусьтің оңтүстік өңірлеріне түскен делінеді.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді