Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранның бірнеше дроны Әзірбайжан аумағына құлап, екі адам жарақат алды

Фото: unian.net

Әзірбайжан аумағына екі ұшқышсыз ұшу аппаратының құлап, жарылуынан кейін ресми Баку Ираннан түсініктеме талап етті. Нахчыван әуежайы мен мектеп маңында болған оқиға салдарынан екі адам жарақат алып, Әзірбайжанның Сыртқы істер министрлігі Иран елшісін шақырып, қатаң наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тass.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бір ұшқышсыз ұшу аппараты Нахчыван автономиялық республикасындағы әуежай терминалы ғимаратына соғылған. Екінші дрон Бабек ауданының Шекерабад ауылындағы мектептің маңына құлаған. Оқиға салдарынан екі жергілікті тұрғын жарақат алды.

Әзірбайжан тарапы Ираннан бұл жағдайға байланысты түсініктеме беруді және мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.

Әзірбайжанның сыртқы істер министрлігі Бакуге аккредиттелген Иранның елшісі Моджтаба Демирчилуды ведомствоға шақырды. Мұндай қадам Иран аумағынан ұшып шыққан ұшқышсыз ұшу аппараттары Нахчыван әуежайы маңына, сондай-ақ Бабек ауданының Шекерабад ауылындағы орта мектеп ғимаратының жанына құлап, жарылғаннан кейін жасалды.

Иран елшісіне қатаң наразылық білдіріліп, тиісті нота табысталады деп жоспарланып отыр.

"Иран Ислам Республикасының аумағынан жасалған бұл дрон шабуылдарын біз қатаң айыптаймыз. Мұндай әрекеттер халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарына қайшы келеді және аймақтағы шиеленістің күшеюіне әкеледі. Әзірбайжан тарапы тиісті жауап шараларын қабылдау құқығын өзінде қалдырады", – деп мәлімдеді сыртқы саясат ведомствосы.

Баку Тегераннан оқиғаның мән-жайын қысқа мерзімде түсіндіруді, ресми жауап беруді және болашақта мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін нақты шаралар қабылдауды талап етті.



Еске салайық, бұған дейін 2026 жылғы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасаған. Бұған жауап ретінде Иран Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығының бірқатар өкілі, соның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болғаны хабарланды. Осыдан кейін Иранда уақытша басшылық кеңес құрылғаны айтылды.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 14:10