Иран АҚШ-тың Катардағы әскери базасына соққы жасады
Фото: shutterstock.com
Иран АҚШ-тың Катардағы әскери базасына шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі IRIB телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Иран билігі өзінің ядролық нысандарына жасаған шабуылға жауап ретінде Катардағы АҚШ-тың "Әл-Удейд" әскери базасына зымырандық соққы жасағанын растады.
"АҚШ-тың Иранның бейбіт ядролық нысандарына қарсы ашық әскери агрессиясынан кейін... Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы "Жеңіс туралы қуанышты хабар" операциясы аясында АҚШ-тың Әл-Удейд әскери базасына жойқын әрі қуатты зымырандық соққылар жасады", – делінген IRIB мемлекеттік телерадиокорпорациясы таратқан мәлімдемеде.
Иран қарулы күштері бұл қадамды "батыл шешім" деп атап, елдің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін бұзуға бағытталған ешбір әрекет жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді.
БАҚ-та тараған ақпаратта Иранның Катарға шамамен 6 зымыран ұшырғаны айтылған.
Айта кетейік, Иран шабуылдарынан аз уақыт бұрын Катар әуе кеңістігін жапқан еді.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасағаны туралы жазған едік. Бұған жауап ретінде Иран АҚШ-тың Сириядағы әскери базасына соққы жасады.

Ирандағы шиеленістен соң мұнай құны өссе, Қазақстанда доллар бағамы төмендей ме – Сарапшылар жауап берді
