Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 шілдеден бастап Қазақстанда ипотека рәсімдеу қиындайды

Ипотека рәсімдеушілерФото: depositphotos.com

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда ипотека беру ережелері өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Енді банктер қарыз алушыларды қатаңырақ бағалай бастайды, сонымен қатар мөлшерлемелер мен төлем қабілеттілігін есептеу тәсілі күшейтіледі.

Жаңа ережелерді талқылау 2025 жылы басталған. Сол кезде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пайыздық мөлшерлемелер жоғары кезеңде ипотека рәсімдеу "қаржылық тұзаққа" айналуы мүмкін екенін, 10 жыл ішіндегі артық төлем пәтер құнын бірнеше есеге дейін арттыратынын айтқан еді. Сондықтан 1 шілдеден бастап реттеудің жаңартылған жүйесі іске қосылады.

Негізгі өзгеріс — бірыңғай мөлшерлемеден (ЖТСМ) бас тарту.

Қазір көптеген банкте барлығына бірдей қолданылатын тұрақты мөлшерлеме жұмыс істейді. Жаңа өзгеріске сәйкес, ипотека мөлшерлемесі әрбір қарыз алушыға жеке есептеліп, нақты қарыз алуышынығ жағдайына байланысты болады.

Мөлшерлемеге келесі жағдайлар әсер етеді:

  • бастапқы жарна мөлшері;
  • табыс деңгейі;
  • несие тарихы;
  • қарыз жүктемесі;
  • отбасы құрамы.

Кейбір банктер жеке тәсілді қолдануды бастап кеткен. Мысалы, кепілге ақша қою арқылы берілетін ипотекада немесе серіктестік бағдарламаларда мөлшерлеме бастапқы жарна мен несие мерзіміне байланысты анықталады.

Бастапқы жарнасы жоғары (30% және одан да көп), тұрақты әрі жоғары табысы бар және несиелері жоқ қарыз алушылар тиімдірек шарттармен ипотека рәсімдей алады. 

Ал қарыз жүктемесі жоғары немесе бастапқы жарнасы аз болса, мөлшерлеме жоғары болуы мүмкін немесе несие беруден мүлде бас тартылуы ықтимал.

Тағы бір маңызды өзгеріс - банктер тек зейнетақы аударымдары арқылы расталған ресми табыстарды ғана есепке алады.

Енді табысты растаусыз немесе қосымша кепілсіз ипотека берілмейді.

Қарыз жүктемесіне бақылау күшейтіледі. Қазір қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК) қолданылады, барлық несиелер бойынша төлемдер табыстың 50%-ынан аспауы тиіс.

Шілдеден бастап қосымша көрсеткіш қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті де (ҚТК) енгізіледі. Ол тек ай сайынғы төлемдерді ғана емес, қарыз алушының жылдық табысымен салыстырғандағы барлық қарыздарын да ескереді.

"Қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті (ҚТК) адамның жылдық табысымен салыстырғанда қанша қарыз ала алатынын көрсетеді. Санаттар бойынша бөлек шектеулер енгізілуі мүмкін (кепілсіз несиелер, ипотека және басқа да кепілді несиелер, автонесиелер), сондай-ақ әр санат бойынша жеке лимиттер белгіленуі ықтимал. Жүйені енгізу шамамен 1 шілдеге жоспарланған, алайда нақты коэффициенттер мен оларды қолдану мерзімі әзірге талқылану үстінде", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі бастапқы жарнаға байланысты болатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 10 Сәуір, 2026 19:44