Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Инвесторлар Мұрат Нұртілеуге жүгіне алады": Тоқаев инвестициялық мәселелерді шешетін көмекші тағайындады

Коллаж: Stan.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің негізгі міндетін атап, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жұмысын жоғары бағалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысының айтуынша, шетелдік және отандық инвесторлар мәселе туындаса халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі Мұрат Нұртілеуге тікелей жүгіне алады. Ол инвесторлардың проблемаларын шешуде негізгі байланыс нүктесі – focal point қызметін атқарады.

Сонымен қатар президент инвестициялық штабтың жұмысы тиімді жүріп жатқанын айтты. Айтуынша, бұл нәтижеге жетуге премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр септігін тигізді. Мемлекет басшысы инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асуы тікелей бірінші басшыларға байланысты екенін айтты. Сондай-ақ басшылар әр жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге міндетті екенін жеткізді.


Министр Нұртілеу ұсталды деген сыбыс қазақстандықтарды дүрліктірді: Бұл істің соңы немен бітті, Бажкенованы не күтіп тұр?


"Өтірік пен сандырақ": Мұрат Нұртілеу өзіне қатысты тараған ақпаратқа жауап берді


Президент инвестициялық мәселелерді үйлестіретін арнайы көмекші тағайындағанын айтты. Айтуынша, енлі барлық шетелдік және отандық инвесторлар туындаған сұрақтар мен мәселелер бойынша Мұрат Нұртілеуге тікелей хабарласа алады. 

Сондай-ақ Тоқаев халықаралық қаржы институттарымен өзара іс-қимылға президенттің кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Асет Ерғалиев жауап беретінін жеткізді. 

Сонымен қатар президент шетелге сапары және инвесторлармен кездесулері нәтижесінде қол жеткізілген келісімдердің орындалуына мән беру керегін айтты. 

"Коммерциялық келісімдердің жалпы құны былтырдың өзінде шамамен 75 миллиард доллар болды. Жұмысты созбалаңға салу және қол қойылған келісімдерді орындамау деген мәселе болмауы тиіс. Бұл жұмысты орындауға президент әкімшілігі де жауапты", - деді Тоқаев. 

Президент қой қойылған әрбір құжат сапалы дайындалып, орындалу мерзімі нақтылану керегін айтты. 

"Ашығын айту керек, бізде мынадай жағымсыз үрдіс пайда болды: жоғары басшылық деңгейіндегі келіссөздердің алдында өте белсенді жұмыс жүргізіледі. Ал кейін тым-тырыс болып қалады. Мекемелер арасындағы бітпейтін өзара келісу әрекетін доғару керек. Үкімет мейлінше дербес болуды сұрады, дербестік берілді, енді іс жүзінде соны дұрыс қолдануы керек. Қол қойылған әрбір құжат алдын ала сапалы түрде дайындалып, орындалу мерзімдері нақты айқындалуы қажет. Жұмыстың нәтижесі үшін бірінші басшыларға жеке жауапкершілік жүктеледі", - деді Тоқаев. 

Сонымен қатар президент мемлекет инвесторлар алдындағы міндеттемелерін толық орындауы керек екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін былтыр 4 қыркүйекте журналист Гүлнар Бажкенованың (Orda және Bazhkenova vs.) ресурстарында Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін  Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Араға төрт күн салып Мұрат Нұртілеудің өзі бұл ақпаратты жоққа шығарып, бұл іспен тиісті орган өкілдері айналысатынын айтқан еді. Ол бұл ақпарат тараған уақытта жұмыста болып, кездесулер өткізгенін жеткізді. Шын мәнінде, Нұртілеу ол кезде Harvest Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Алмаз Альсеновпен кездесу өткізген. 

Сосын былтыр 26 қыркүйекте Мұрат Нұртілеу Тоқаевтың халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі қызметіне тағайындалды.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 12:54