Интерпол іздеуде жүрген "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Арданның қайда екені жайлы ақпарат ұсынбаған
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев іздеу жарияланған "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Арданды экстрадициялау мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: alrt.kz
Оның сөзінше, халықаралық іздеу жұмысымен интерпол шұғылданады. Ал еліміздің ішкі істер органдары Қазақстан аумағында ғана іздеу жұмыстарын жүргізе алады.
“Біз интерполға тиісті тапсырма береміз. Ал азаматты экстрадициялау үшін интерпол сол азаматтың нақты қай елде екені жайлы ақпарат ұсынып, екінші тараппан қамауға алу жөнінде шара қабылдауға тиіс. Тек осыдан кейін ғана біз экстрадициялық қамауға алу шарасын қабылдаймыз. Әзірге интерпол тарапынан осы азамат нақты мына елде деген немесе қамауға алу жөнінде шара қабылдады деген ақпарат жоқ”, – деді ол.
Шындалиев қолданыстағы заңға сәйкес прокуратура іздеу жұмысын жүргізбейтінін айтты.
“Іздеу жұмысын заңға сәйкес жүргізе алатын арнайы және құзырлы органдар бар. Қазір Талғат Арданның қайда екенін білмейміз. Нақты позиция бар, енді интерпол оны тауып, бізге хабарлауы керек”, – деп қосты бас прокурордың орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Астана LRT" ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты үкім шығарған еді.
"Сот үкімімен А кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы жалпы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – делінген сот хабарламасында.