БЖЗҚ қызметтері: жеңіл және ұтқыр
Фото: БЖЗҚ
БЖЗҚ зейнетақы жүйесіне қатысты түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп келсе де, сауалдар азаяр емес. Жарналардың қандай түрлері бар? Жұмыс беруші оларды қалай, ең бастысы, қаншалықты аударып жатыр? Зейнетақы қалай тағайындалады? Тізе берсек шегі жоқ. Ірі қалалар мен облыс орталықтарының тұрғындары бұл сұрақтардың жауабын БЖЗҚ кеңсесіне барып, кәсіби мамандармен тікелей жүздесе отырып ала алады. Ал шалғай ауыл-аймақтардағы отандастырымыздың сұранысын қалай қанағаттандыруға болады? Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жылжымалы “Мобильді кеңсені” іске қосты. Аталмыш жоба арқылы қандай қызмет түрлерін алуға болады және ол қалай жүзеге асатыны туралы Stan.kz материалынан оқыңыз.
“Мобильді кеңсе” деген не?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры “Мобильді кеңсе” жобасын 2018 жылы қолға алды. Бұл – көлікке орналастырылған шағын кеңсе. БЖЗҚ мамандары ноутбук, жоғары жылдамдықты интернет, принтер, Қор базасы сияқты түрлі қажет құрылғымен жабдықталған шағын автобуспен елді мекендерді аралап, тұрғындарға арнайы қызмет көрсетеді.
Қандай қызметтер ұсынылады?
“Мобильді кеңсенің” облыс, аудан орталықтарында орын тепкен БЖЗҚ-ның кәдімгі бөлімшелерінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Дәл сол кеңселерде көрсетілетін қызметтердің барлығын ұсынады:
- Зейнетақы, инвестиция портфеліне қатысты кеңестер береді;
- Жеке кабинет арқылы электрондық қызмет алуға көмектеседі;
- Жеке деректерді өңдеп немесе өзгерту мүмкіндігі бар;
- Қажет құжаттарды, анықтамаларды шығарып алу және басқа да қызмет түрлері көрсетіледі.
“Мобильді кеңсе" қызметі алыс аудандар мен Қор бөлімшесі жоқ аймақ тұрғындары, әсіресе, қалаға баруға уақыт таппай жүрген немесе мүмкіндігі шектеулі адамдар, интернеті жоқ немесе оны қолдануда қиындық көретін адамдар үшін өте ыңғайлы.
Қай ауыл-аймаққа барады?
“Мобильді кеңсенің" әр сапары алдын ала жоспарланады. Қай күні, қай ауылға баратыны жергілікті әкімдікпен келісіліп, тұрғындарға алдын ала хабарланады. Кеңсе таңғы 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл ауыл тұрғындарына ыңғайлы болса, БЖЗҚ мамандары үшін әр адаммен тікелей байланыс орнатудың таптырмас жолы.
“Мобильді кеңсе" еліміздің 13 өңірінде жұмыс істейді: Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары.
Фото: БЖЗҚ
“Мобильді кеңсе” жобасы қаншалық тиімді?
“Мобильді кеңсе” жобасы іске қосылған 6 жылдан астам уақыт ішінде БЖЗҚ мамандары 5100 елді мекенге барып, 616 000 адамға қызмет көрсетіп үлгерді. Қор қызметіне, зейнетақы жүйесіне қатысты 213 000 ақпараттық таныстырылым өткізілді. Оған 5,3 миллион адам қатысты.
“Мобильді кеңсе” жобасы – жай ғана жүйе емес, “БЖЗҚ” АҚ миссиясының бір бөлігі. Осылайша Қазақстанның әрбір тұрғыны үшін ашық, сапалы әрі қолжетімді зейнетақы жүйесін қалыптастыруға тырысамыз. Қай жерде тұратыныңызға қарамастан, өзіңізге қажет қызметті кәсіби түрде алғаныңызды қалаймыз”, – дейді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мамандары.
Айта кету керек, зейнетақыға қатысты кеңес, көкейіңізде жүрген сұраққа жауап алу үшін БЖЗҚ кеңсесіне барудың немесе “Мобильді кеңсе” көлігін күтудің қажеті жоқ. Қор мамандарына қашықтан да хабарласуға мүмкіндік бар. Ол үшін мына әдістердің бірін қолдануға болады:
- 1418 нөмірі — Қазақстан бойынша тегін байланыс желісі;
- enpf.kz сайты арқылы электронды өтініш жазу;
- WhatsApp, Telegram, Facebook, Viber, ВКонтакте мессенджерлері арқылы;
- Онлайн чат (enpf.kz);
- YouTube, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Одноклассники арқылы.

"Қазақ жігіттері эмоциясын көрсете алмайды": Бразилиялықпен көңіл жарастырған қазақстандық аруды сүйіктісінің ұлты да, жасы да алаңдатпаған
