Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Интернет-банкингті қалай қорғауға болады? Төрт негізгі қадам 

Желі азаматтардың қаржылық жағдайын дәл осы сәтте онлайн банк арқылы бақылауда ұстауға мүмкінік ашты. Көпшілік интернет-банкинг жүйесіне жеке мәліметті сеніп тапсырғанымен, бұл деректерді қалай қорғау керегін жақсы біле бермейді. Тәжірибеге сүйенсек, онлайн банк пайдаланушыларының көбі қауіпсіздік талаптарын елемей жатады, нәтижесінде алаяқтарға өз шоттарын иеленуге мүмкіндік беріп қояды. Бүгін Stan.kz Банк ЦентрКредитпен бірге онлайн төлемдер мен интернет-банкинг жүйесіндегі қауіп-қатерлерден аулақ болудың жолын ұсынады.

Интернет-банкинг - дәл қазіргі уақытта жеке тұлға үшін де бизнес үшін де таптырмайтын пайдалы құрал. Оның көмегімен әлемнің кез келген бөлігінде қызметтерді пайдаланып, тауарларға тапсырыс бере аласыз. Ол үшін бар болғаны интернетке қосылған смартфон, планшет немесе компьютер керек. Алайда онлайн банкті қолдану кезінде бірінші кезекте қауіпсіздік шараларына мән берген дұрыс.

Банктің жүйесіне шабуыл жасалып, ондағы жеке деректеріңізге күдікті адамдар қол жеткізуі мүмкін. Дегенмен қазір барлық банктің өзіндік жеке қорғаныс жүйесі болғандықтан, алаяқтардың  бұл тәсілі іске аса қоймайды.

Осыған қарамастан алаяқтар интернет-банкинг жүйесіне қолжеткізу үшін әртүрлі айла-тәсілдерді ойлап таба береді. Сондықтан өзіңізді 100% сақтанған адам ретінде сезіну үшін Банк ЦентрКредит ұсынған қарапайым ғана бірнеше ережені есте ұстаңыз.

Әртүрлі сенімсіз платформалар мен сілтемелер

"Банктерге сілтемесі бар фишинг хаттар келуі мүмкін. Осы ретте біздің банкте мұндай алаяқтардан қорғануға арналған шаралар қарастырылған", – дейді Банк ЦентрКредит өкілдері.

Демек алаяқтар сіздің де компьютеріңізге немесе смартфон, планшетіңізге вирус бағдарлама жіберу арқылы логин, құпиясөзді біле алады. Сондықтан кез келген сайтқа кірген кезде сұраған ақпаратты беріп, ұсынған сілтемелерге тіркеле бермеңіз.

"Негізі ең үлкен қауіп әлеуметтік инженерия арқылы іске асады. Азаматтар өздерінің жеке деректерін, құпиясөздерін қандай да бір жағдайда бөгде адамға айтып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлардан қорғану өте қиын", - дейді Банктегілер.

Интернет банкингті орнату

"Тек ресми сайт пен ресми мобильді қосымшаны қолдану керек", - дейді Банк ЦентрКредит өкілдері.

Смартфонға банктің қосымшасын орнатқан кезде мұқият болуды ескертеміз. Себебі сіздің банкіңіздің атына ұқсас мобильді қосымшалар да болуы мүмкін. Сондықтан қосымшаны банктің ресми сайтындағы сілтеме арқылы кіріп тауып алыңыз.

Егер сіздің интернет-банктегі кабинетіңізге алаяқтар кірді деген қауіп болса, банкке хабарласып, өз шотыңызды уақытша бұғаттап тастаңыз. Содан соң полицияға арыз жазыңыз.

Құпия сөз бен код қою кезіндегі қауіпсіздік

Әрине, құпиясөзді ешкімге айтпауыңыз мүмкін, бірақ оны есте сақтай алмағандықтан қағазға жазып, компьютердің жанына не көрінетін жерге қойып жүруіңіз әбден мүмкін. Бұл - компьютерге қосыла алатын кез келген адам жеке шотыңызға да  кіре алады деген сөз.

Оңай құпиясөз немесе код орнатып, оны есте сақтауым жеңіл болады деп ойламаңыз. Есте тез сақталған кодты алаяқтар бірден тауып алады. Мәселен, бір цифрды қайталап жазу немесе қатар тұрған сандарды құпиясөзге айналдыру арқылы әккі ұрылар жұмысын жеңілдетесіз. Себебі олар бірінші кезекте осы комбинацияны тексеріп көреді. Сондай-ақ өз атыңызды, туған күніңізді, тегіңізді код ретінде тіркемеңіз. Сондықтан әдетте банктер бас әріптен, кіші әріптен, бірнеше саннан және қандай да бір символдан тұратын құпиясөз комбинациясын ойлап табуды ұсынады. Егер оны есте сақтап қалғыңыз келсе, алаяқтардың қолы жетпейтін, өзіңіз ғана білетін құпия ассоциацияларды қолданыңыз. Мәселен, алғашқы үй жануарыңызды аты немесе мектепте сүйіп оқыған пәніңіз және т.б.

Сондай-ақ мамандар құпия деректерді "ұмытып қаламын" деп бір жерге жазып қойған жағдайда ол қағазға ешкімнің қарай алмайтынына көз жеткізу керек дейді. Компьютер мен смартфонда кодтарды жеке файл немесе құжат ретінде сақтамаған абзал.

Жеке құрылғыларды пайдалану

"Жеке құрылғыңызды біреуге қолдануға бермеңіз немесе интернет-банкингтегі жеке кабинетіңізге бөтен адамдардың құрылғысынан кірмеңіз. Екі жағдайда да сізден кейін құрылғыны қолданған кез келген адам шоттарыңызға кіруге мүмкіндік алады", - дейді банк өкілдері.

Егер мұндай жағдайға мәжбүрлі түрде барып жатсаңыз, операция аяқталғаннан кейін бірден құпиясөзді өзгертіп тастаңыз. Ең дұрысы кодты ара-тұра еш себепсіз-ақ өзгертіп отыру. Бұл –өзіңізді қауіпсіз сезінудің ең тиімді жолы.



 

Талқылау