Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Интернет – 97 пайызға, жол 95 пайызға жөнделеді. Үкімет ауылды дамыту тұжырымдамасын бекітті

Ел Үкіметі ауылдарды дамыту үшін 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдаманы бекітті. Онда осы уақыт аралығында атқарылатын жұмыстар тізбегі көрсетіліпті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: ашық ғаламтордан

Тұжырымдама Үкіметтің ресми сайтында жарияланды. Онда Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойғаны айтылады. Яғни тұжырымдама бойынша 5 жыл аралығында республика аумағындағы ауылдарды 100 пайыз ауыз сумен қамту көзделген. Сондай-ақ интернетті –  97 пайызға, жолдарды жөндеу жұмыстарын 95 пайызға орындайтынын көрсетіпті. 

Фото: primeminister.kz

“Құжатта республика бойынша ауыл тұрғындарының 90 пайызы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады”, –  делінген.

Сонымен қатар елдің шекаралас аумақтарындағы ауылдық елді мекендерді де дамытуға ерекше назар аударылмақ. Ол үшін тек инфрақұрылымды жаңартып қана қоймай, еңбек тапшылығы бар өңірлердің тұрғындардың жалақысына үстемақы қосу мүмкіндігі қаралмақ.

Фото: primeminister.kz

Оны іске асыру нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8 пайызға, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Осылайша жоба аясында 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі.

Жалпы соңғы статистикалық дерекке сүйенсек, республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда ел халқының 38,2 пайызы немесе 7,5 миллион адам тұрады екен.   

Талқылау