Инстаграмды шулатқан модель адам болмай шықты
Ерекше сұлулығымен инстаграмды жаулап алған қыздың кім екені анықталды. Модель Шуду Грэм өзінің әдемі, өткір көзімен және мінсіз терісімен әлеуметтік желі қолданушыларын баурап алды. Сұлу бойжеткен қазірдің өзінде ондаған брендтермен жұмыс істеп үлгерген.
Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Дегенмен, желі қолданушыларының назарына ілінген модель қызға байланысты басқа дерек белгілі болды.
Шуду фотограф Кэмерон-Джеймс Уилсон жасаған әлемдегі тұңғыш сандық супермодель. Уилсон құрастырған шеберліктің мінсіздігі соншалық ол тірі адамнан аумай қалған.
«Мен Грэмді құрған кезде, 3D-модельдеуге арналған бағдарламаны пайдаланамын. Ол виртуалды фотосуретке ұқсас. Моделді құрастырғаннан кейін, оған кез-келген қимылды жасата аламын»,-деді Кэмерон-Джеймс Уилсон.
Қыздың Инстаграм парақшасында фотосуреттер көп болмаса да, оған 50 мыңнан астам адам тіркелген. Кейбір қолданушылар виртуалды қыздың сұлулыға таңданып сөз етсе, басқалары бұл жобаның сән әлемінде ешқандай пайдасы жоқ екенін айтып өтті.